«Қазақтелеком» тарифтерін төмендетуге кірісті

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ
21 желтоқсан күні Қазақстандағы байланыс саласында монополист компания болып есептелетін «Қазақтелеком» Акционерлік Қоғамының президенті Асқар Жұмағалиев компания көрсетіп жүрген кейбір қызметтер тарифінің 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап арзандайтынын мәлімдеді.
«Қазақтелеком» Акционерлік Қоғамының президенті Асқар Жұмағалиев тарифтер деңгейінің арзандауы ең біріншіден, халықаралық телефон байланысы қызметіне қатысты екенін айтады.

- Біз тарифтер бағасын орта есеппен 50 пайызға төмендетеміз. Айталық, Қазақстаннан шетелдерге соғылатын қоңыраудың әр минуты қазір 200 теңге болса, 1 қаңтардан бастап ол 110 немесе 88 теңгеге түседі. Мұны сыйлық деп біліңіздер. Тарифтердің арзандауы сіздерге өзге қалалардағы немесе шетелдердегі туған-туысқандарыңды жақындата түсіп, ақшаларыңызды үнемдеуге көмектеседі, - дейді Асқар Жұмағалиев.

Сонымен қатар «Қазақтелеком» Акционерлік Қоғамының президенті Интернет қызметтері тарифінің де төмендейтіндігін жеткізді.

- Интернетті пайдалану қызметі өткізу каналдарына байланысты 32 пайыздан 19 пайызға дейін төмендейді. Байланыс операторлары бізден неғұрлым көп көлемді трафик алса, ол соғұрлым арзандай түседі. Мысалы, 40 кигобайтқа 19 пайыз жеңілдік жасалса, 4000 кигобайтқа 32 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған. Мұны біз Қазақстандағы интернеттің дамуына қосқан үлкен үлесіміз деп есептейміз. Осылайша біз халықтық компанияға айналу міндетін алдыға қойып отырмыз. «Қазақтелеком» алдағы уақытта міндетті түрде тарифтерді төмендетуде еліміздің техникалық жетістіктерін есепке алады. Осы қызметтерге тарифтердің төмендеуі телекоммуникация рыногын ырықтандыруға және бәсекелестіктің пайда болуына байланысты, - дейді Асқар Жұмағалиев.

Сонымен қатар, компания таратқан мәліметтерде, «Қазақтелеком» жергілікті телекоммунациялық желілерінен «GSM Қазақстан», «Кар-Тел» Жауапгершілігі Шектеулі Серіктестігінің, «Алтел» Акционерлік Қоғамының ұялы байланыс операторларының желілеріне байланыс жүргізу тарифтерін төмендетуді де көздеген. Дәлірек айтқанда, жаңа жылдың басталуымен толық және толық емес 10 секундтық телефон байланысы үшін Қосымша құн салығын қоспағанда, 5,97 теңгеден 5,69 теңгеге төмендету жоспарланған. Мұнымен қоса, Асқар Жұмағалиев байланыс тарифтерінің одан әрі де төмендей беретінін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, компания 2006 жылы жергілікті телекоммуникация желілерінен ұялы байланыс операторларының желілеріне байланысу тарифгін 12,2 пайызға төмендетсе, Интернет бағасын екі есеге арзандатқан болатын.