Иран Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын “әділетсіз” деп атады

Бүгін Иран БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарына тезарада жауап ретінде уран байытатын Натанз зауытында 3 мың центрифуганы орналастыратынын хабарлады. Сенбі күні Қауіпсіздік Кеңесі Иранға санкция енгізу туралы қарарды бірауыздан мақұлдаған болатын. Себебі Теһран уран байытуымызды тоқтатпаймыз деп отыр. Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз-хатшысы Мохаммад Әли Хоссейни мақұлданған қарарды “әділетсіз” деп атады.

“Бұл қарар саяси әрекет деп ойлаймыз. Ол заңсыз және әділетсіз. Бұл резолюция Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қол қойған елге қарсы жасалып отыр”, - деді Хоссейни. Ал Израиль жағы аталған қарарды жылы қабылдады.