Нью-Йорк Таймс басылымының хабарлауынша, АҚШ әскері Ирақта қазір кемінде 4 ирандықты ұстап отыр. Буш әкімшілігіндегі ресмилердің айтуынша, тұтқындалған азаматтардың арасында Иранның жоғары лауазымды әскери өкілдері бар көрінеді. Әлгі ирандықтар өткен аптада Ирақта жүргізілген рейдте ұсталыпты. Ол шара Ирақтың қауіпсіздік күштеріне жасалған шабуылдарға қатысы бар болған күдіктілерді ұстау үшін жүргізілген болатын. Қазір осыған байланысты тергеу ісі жүріп жатыр деп хабарланды.