Баспасөзге шолу. 12.26.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН
Сейсенбі күні жарық көрген бірқатар басылымдар, Қазақстанда бюджет қаржысын тиімді жұмсай білмейтін шенеуніктер жазаға тартылмайтыны туралы мәселе көтеріпті. Сондай-ақ, кейбір газеттер елдегі ең ірі саяси партияның атауы – «Нұр-Отан» болып өзгертілуінде қандай астар жатыр, деген ой қозғайды. Бұған қоса, баспасөз беттерінде Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ –ке қатысты медициналық тексеруден өтуге тиіс 325 баланың табылмай отырғандығы туралы жазыпты.
«Литер» газеті, дүйсенбі күні Қазақстанның Парламент мәжілісінде Қаржы министрі Наталья Коржова есеп бергені туралы жазады. Осы жиында депутаттар, бюджет қаржысын ысырап еткен, тиімді жұмсай алмаған қанша шенеунік жазасын алды деген мәселеге баса назар аударған. Министрлік есебінше, 9 айдың ішінде хұқыққорғау орындары, сала қызметкерлеріне қатысты 72 қылмыстық іс қозғаған. Оның ішінде 11 қылмыстық іс тоқтатылған. Жалпы 2006 жылы Қаржы министрлігіне қатысы бар, 12 қызметкер жазаға тартылыпты, - деп жазады «Литер» басылымы.

Ал, «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, бюджет қаржысының тиімді игерілмеуінің бірнеше себептер бар. Олар, мемлекеттік сатып алуға конкурстың өткізілмеуі, ке¬лісім-шарттар жасасу мерзімінің ұзаққа созылуы, бюджеттің дұрыс жоспарланбауы секілді жағдайлар. Соның салдарынан республикалық бюджеттен транс¬ферт арқылы бө¬лінген қаржының 32 миллиар теңгеге жуығы жұмсалмағаны анықталды. Бюджет қар¬жысын тиімді жұмсай білмеген шенеуніктерге жаза қолданылмайтыны, тіпті оларға үнемі сыйақы төленетіні депутаттарды алаңдатып отыр, - деп жазады «Егемен Қазақстан».

Ал, «Экпспресс-К» газетінің жазуынша, Қаржы министрлігі жаңа кадр саясатын жүзеге асырмақ. Ол бойынша, болашақта қызметкерлер санын қысқартып, жұмыстың сапасын арттыру көзделуде. Министрліктегі жаңа жұмыс тәртібіне сәйкес, жүктелген міндетті артығымен және абыроймен орындаған қызметкерлер ғана, сыйақы алатын болады, - деп жазады «Экспресс-К».

«Известия Казахстан» басылымы, «Отан» партиясының «Нұр -Отан» аталуына байланысты, осы партия төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұловтың пікіріне жүгінеді. «Партия атауының екі сөзден тұруы, әлемдік тәжірибеде бар. Бірінші бөлімі саяси ұстанымды білдіреді, екіншісі партияның кредосы немесе белгісі. Ендігі жерде, Қазақстандағы ең ірі саяси партияның да атауы екі сөзден тұратын болады» ,-дейді Жұмағұлов. Оның айтуынша, республикалық саяси «Отан» партиясын, халықтық - демократиялық «Нұр-Отан» партиясы деп өзгерту туралы бастаманы, партия мүшелерінің басым көпшілігі қолдаған, - деп жазады «Известия Казахстан».

Бұл мәселеге байланысты, «Жас Алаш» басылымы, «Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, Сенат төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің пікірін жариялапты. «Нұр-Отан» дегеннiң астары түсiнiктi ғой. Ол «нұрлы Отан», «ұлы Отан» деген кең мағынаны бередi», - дейді Көпеев. «Жас Алаштың»: «бұл жеке басқа табынушылықтың басы емес пе, - деп қарсы шыққандар болды ма?» - деген сұрағына сенатор былай жауап беріпті: «Жеке басқа табынушылық туралы ештеңе айтылған жоқ. Тек депутат Бекболат Тiлеухан ғана «Үлкен кісі бір партиядан жоғары тұрған адам, ол кісінің есімінен «Нұр» деген сөзді әр жерге қоса бергеніміз қалай болар екен?» -деген ойын айтты».

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ-ке қатысты медициналық тексеруден міндетті түрде өтуге тиіс 5 жасқа дейінгі 325 бала табылмай отыр. Бұл туралы «Айқын» газеті жазыпты. Оларды іздестіру барысында көршілерінен түсініктемелер, аудандық балалар ауруханалары мен емханалардан, тұрған жерлерінен анықтама қағаздар алынған екен. Жиналған материалдар 18 томды құрайды, бірақ бір кездерде Шымкент қаласының ауруханаларында ем қабылдаған 325 бала іс жүзінде жоқ. Медициналық картада көрсетілген мекенжайларда тұрмайтын болып шыққан, тіпті азаматтық хал-актілерін, жазу бөлімдерінде олардың туылғандығы туралы мәліметтер жоқ, - деп жазады «Айқын».

Осы 325 баланың 71-інде амбулаторлық карта жоқ екені анықталды, - деп жазады «Комсомольская правда» басылымы. Бұған қоса, бұл балалар еш жерде тіркеуде жоқ. Облыстық СПИД орталығының тізімінде де аттары аталмайды. Осыған орай, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішев, облыстық ішкі істер департаментіне бір апта ішінде 325 баланың дерегін табуды тапсырды, - деп жазады «Комсомольская правда».