Ирақ Аппелляциялық соты Ирақтың бұрынғы президенті Саддам Хұсейн мен оның екі көмекшісіне жарияланған өлім жазасын орынды деп шешті

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ
Бұл шешім енді Ирақ президенті Жалал Талабанидің мақұлдауынан өтуі тиіс. Бірақ, Аппелляциялық сот жетекшісі Ариф Шахеннің айтуынша, сот үкімі өзгертілмей орындалуы шарт екен. Дегенмен, бұл сот үкіміне президент қол қойғаннан кейін де ол аса қатаң жазаның орындалуы үшін 30 күн уақыт қалады.
Сонымен, Саддам Хұсейн мен оның екі көмекшісі, атап айтсақ, оның немере туысы Барзан ал-Тикрити мен Ирақтың бұрынғы бас судясы Ауад Хамед ал-Бандар Ирақ жоғарғы сотының үкімімен қарашаның 5-інде өлімге кесілген болатын.

Міне енді араға 50 күн салып Ирақ Аппелляциялық соты да бұл шешімді қолдап, Саддам Хұсейн мен оның жақтастары адамзатқа қарсы жасаған қылмысы үшін ең қатаң жаза - дарға асып өлтірілуі керек деген шешімге келіп отыр.

Айыпталушыларға 1982-жылы Ирақтың солтүстігіндегі Дужаил қаласында, арасында жас балалар да бар, 148 адамды өлтірген, сондай-ақ, он мыңдаған күрд азаматының өліміне де тікелей себепші болған деген кінә тағылған.

Жалпы, 9 судьядан тұратын Аппелляциялық соттың бұл шешімін желтоқсанның 26-сы күні бас судья Ареф Абдул Раззақ ал-Шахин Бағдадтағы баспасөз маслихаты кезінде былай деп жариялады:

- Біз өз уазипамызды орындап шықтық. Ендігі кезекте сот үкімін орындау ғана қалды. Біздің заң бойынша бұл шешім 30 күннен қалдырмай іске асырылуы қажет.

АҚШ әкімшілігі бұл шешімді Ирақ халқы өміріндегі ең елеулі уақиға деп жариялады. Ақ үйлік өкіл Скот Стансел «біздіңше, Саддам Хұсейннің өлімге кесілуі жөнінде енді жазба түрде ресми жариялануы ғана қалып отыр. Біз соны күтеміз» деген сейсенбі күні журналистерге.

Дегенмен, адам құқықтарын қорғайтын ұйымдар, соның ішінде Амнести Интернашнал және Хьюман Райтс Уач ұйымдары да бар, Саддам Хұсейнге жарияланған бұл үкімді әділетсіз деп атап, сондықтан Ирақ үкіметінен өлім жазасына бармауды талап етеміз деп отыр.

Аппелляциялық сот тағы да 3 айыпталушыға жарияланған үкімді орынды дегенімен, Таха Йассин Рамаданды өмір бақи түрмеге қамау оның жасаған қылмысына қарағанда, жұмсақтау шешім болған депті.

Енді Ирақ президенті өзінің екі орынбасарымен соңғы шешімді айтады. Жалпы, Талабани өзінің өлім жазасына қарсы екендігін білдірген болатын. Дегенмен, осыған дейінгі бір жағдайда өлім жазасын мақұлдау құқығын өз орынбасарларының біріне берген болатын. Сарапшылардың пікірінше, Саддам Хұсейннің жағдайы да солай шешілуі мүмкін екен.

Ал енді үкім орынды делінсе, онда бас министр Нури ал-Малики қалған 29 күннің ішінде Саддам Хұсейн дарға асылсын деген бұйрығын беруге құқылы. «Уашингтон пост» газетінің жазуынша, ал-Маликиге жақын кісілердің пікірінше, ал Малики ондай бұйрықты тез-ақ орындап тастауы мүмкін екен.

Арасында саясаткерлер де бар, шийттер бұл өлім жазасын қолдап отыр, ал көптеген сүнниттер бұл Саддам билігі кезіндегі іс-тірліктері үшін шииттердің алып отырған кегі деп түсінеді.

Бағдадтың тұрғыны Атхир деген жігіт бұл орайда:

- Шындығын айтсам, бұл үкімді қолдамаймын. Егер Хұссейн өлтірілсе жағдай одан сайын қиындайды. Ал ол халыққа керек емес. Бізге керегі тыныштық, бейбітшілік, - дейді.

Ал басқа бір азамат Мұхаммад Насыр болса:

- Бұл әділ шешім, себебі, Саддам Ирақ халқына әділетсіздік тірлігін жасады. Бірақ, ол үкімге асықпау керек еді. Жұрттың жүйкесі жұқарған, оның үстіне Құрбан айт та келіп қалды. Бірер айға асығыстық болып тұр, - дейді.