Қазақстанда заңсыз есірткі айналымы өсіп отыр

  • Досан БАЙМОЛДА
Қазақстанның ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күрес комитеті, елде өткен 2006-жылы алдағы жылдармен салыстырғанда есірткі бизнесі саласындағы қылмыстарды ашуда біршама табыстарға қол жеткізілгенін хабарлап отыр. Айталық, 2006 жылы заңсыз сауда айналымынан 20 тоннадан астам түрлі есірткі заттары тәркіленген болса, соның 170 килодан астамы героин есірткісі болып шыққан.
Былтыр елде есірткі бизнесі саласында аты шыққан түрлі қылмыстарға барған ұйымдасқан жеті қылмыстық топ құрықталған. Жалпы жыл ішінде Қазақстан аумағы бойынша есірткі саудасына қатысы бар 9 мыңға жуық қылмыстық іс тіркелген. Есірткі тасымалының Қазақстанға кірер алғашқы есігі болып табылатын аймақ - Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаменті де есірткіге қарсы күресте біраз табыстарға қол жеткізгенін айтып отыр.

Өткен жылдың соңына қарай, қараша айының ортасында Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің есірткіге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері Қазақстанға 7 килодай героин есірткісін «Камаз» жүк көлігіне жасырып шекарадан алып өтпек болған екі тәжік азаматы мен бір өзбек азаматын ұстап, героин есірткісін тәркілген болатын. Осы ішкі істер департаментінің есірткіге қарсы күрес бөлімі бастығының орынбасары Қазыбек Ақбозовтың айтуынша, өткен жылы есірткі тасымалына қатысты 16 оқиға орын алған, ал есірткіге қарсы күрес бөлімі өткен жылы 63 килодай героин есірткісін тәркілеген.

Оның айтуынша, Қазақстанға есірткі заттары көбінесе оңтүстік көршілерден және Тәжікстан мен Ауғанстаннан әкелінеді екен.

Қазақстанның ішкі істер министрлігінің есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің хабарлауынша, өткен жылы Қазақстанда есірткі саудасына қатысы бар 4083 қылмыстық оқиға анықталған. Ал осы оқиғаларға қатысы бар шетелдік 290-дай азамат қылмыстық жауапқа тартылыпты.

Заң орындары Қазақстан аумағында есірткі саудасы мен оны пайдалану ең көп таралған қалалардың бірі Алматы қаласы болып отырғанын айтады. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ернұр Зейнешұлының айтуынша, өткен жылы қала аумағында 305 килодай есірткі заттары тәркіленген болса, соның 22 келісі героин, 17 кг гашиш, ал 237 килосы марихуана есірткісі болып шыққан. Осыған байланысты 1350 қылмыстық іс тіркелген. Қала аумағында тәркіленген барлық есірткі заттары өртелген.

Жастар арасындағы есірткі пайдалануға қарсы күресу мақсатында құрылған «Өз теңіңді тап» атты қоғамдық қордың директоры Сағынғали Елекеевтің айтуынша, Қазақстанда ең көп таралған ең көп пайдаланылатын есірткі түрі ол героин есірткісі болмақ. Бұл есірткі түрі көбінесе Ауғанстаннан әкелінеді дейді ол.

Сағынғалы Елекеев Қазақстанда есірткіге қарсы күресті нәтижелі жүргізуде біраз кедергі-бөгеттер ретінде есірткі заттарын тасымалдаушылардың билікте отырған шенеуніктермен жең ұшымен жалғасқанын атайды. Осы қылмыстық саудадан түскен қыруар пайданы наркоурьерлермен бірге бөлісіп, билікте отырғандар есірткі саудагерлерін құрықтап, мұндай сауда жолын жоюда үлкен бөгет болып отыр дейді ол.