АҚШ президенті Джордж Буш Ираққа қатысты жаңа стратегиясын жариялады

Президент Буш Ираққа қосымша 20 мыңнан аса АҚШ жауынгерін жібермекші. Жоспар бойынша олардың көбі Бағдадта орналастырылады, деді Буш. Ирақта қазір АҚШ-тың 130 мың әскері бар. Буштың мәлімдеуінше, Ирақтағы қазіргі жағдайдың одан сайын өршіп кетуіне, яғни елде сектанттық негіздегі шабуылдардың көбеюіне жол берілмеуі тиіс. Буш, сондай-ақ, премьер-министр Нури әл-Маликидің үкіметі мен басқа да Ирақ басшыларын елдегі сектанттық қақтығыстарды тоқтату үшін қолынан келгенше әрекет жасауға шақырды.

“Мен премьер-министр мен басқа да Ирақ басшыларына АҚШ міндеттемесі ұзақ уақытқа дейін созыла бермейді деп нақты айттым. Егер Ирақ үкіметі өз уәделерін орындамаса, онда ол Америка халқы мен ирақтықтардың қолдауынан айырылады. Іс-қимыл жасауға уақыт келді. Премьер-министр мұны түсінеді”, - деді Буш.

АҚШ президенті, сондай-ақ, Иран мен Сирияны соғысушылардың Ираққа кіріп-шығуына мүмкіндік жасап қойған деп айыптады. Ал Конгрестегі бақылауды өз қолына алған оппозициялық Демократтар партиясының лидерлері Буштың Ираққа көбірек әскер жіберу керек деген жоспарына қарсы екендерін білдірді.