«Әділ сөз» қоғамдық қорының баяндамасы Қазақстанда сөз бостандығының жағдайы мүшкілдене түскенін айтып отыр

  • Рауза МҰҚАН
Қазақстандық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры, 2006 жылы елде сөз бостандығының жағдайы туралы сараптамалық есебін жария етті. Бұл құжатта Қазақстанда 2006 жылы Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне қатысты Заң актілерінде өте қатаң өзгерістер енгізілгеніне баса назар аударылған. Сондай-ақ, «Әділ сөз» қорының өкілдері елдегі сөз бостандығына қатысты жағдай бұрынғысынша оңалмай отыр дейді.
Оппозициялық бағыттағы қазақстандық журналист Ермұрат Бапи өткен жыл елдегі тәуелсіз басылымдар үшін жеңіл болмады деген пікір айтты.

«Жұма-таймс» және «Айна плюс» газеттері жабылды соттың шешімімен. Негізі соттың таққан кінәсі - заң талаптарын орындамады деген кінә. Оның бер жағында газеттің журналисі, жауапты хатшысы Кенжебай Айтбақиев соққыға жығылды. Белгісіз оншақты адам ұрып, айдалаға апарып тастаған. Оның бер жағында, басқа да қудалау көріп жатқан газеттер көпшілік. Сотқа тартылып жатқан Қазис Тоғызбаевтың өзі неге тұрады. Сондықтан, өткен жыл Қазақстандағы тәуелсіз басылымдар үшін жеңіл жыл болды деп айтуға болмайды», - деді Е.Бапи «Азаттық» радиосына.

Елдегі сөз бостандығы мен БАҚ жағдайына бақылау жүргізумен шұғылданатын «Әділ сөз» халықаралық қорының 2006 жылғы Қазақстандағы сөз бостандығының жағдайы туралы сараптамалық есебінде, өткен жылы БАҚ-қатысты заң талаптары қатаңдатылғаны айтылған. Бұл туралы «Азаттық» радиосына осы қордың президенті Тамара Қалеева былай деді:

«2006 жылы оның алдындағы жылдармен салыстырғанда, заңға қатысты жағдай нашарлады. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты көптеген заңға өзгерістер енгізілді. Осыған орай, көптеген негізсіз тексеру жүргізілді. Біз мұны да қысым деп бағалап отырмыз. Яғни, ақпарат құралдарын тіркеу мен қайта тіркеудің талаптары қатаңдатылды. Ең жаманы - баспа туралы және жала жабуға байланысты жауапкершілікті күшейту туралы заң жобаларын талқылау 2007 жылға қалдырылды. Осының барлығы бізді алаңдатады», - деді Т.Қалеева.

Жалпы 2005 жылмен салыстырғанда, 2006 жылы да елдегі сөз бостандығына қатысты жағдай өзгермей отыр дейді аталған қордың тәуелсіз лингвистикалық сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова.

«2006 жылы журналистердің кәсіби қызметтеріне кедергі жасау, бізге белгілісі 54 болған. Осындай көрсеткішпен 2005 жылы 53 факті анықталған. Яғни, жағдай өзгермеген деген сөз. 2005 жылы журналистер заңсыз түрде 18 рет ұсталғаны белгілі болса, 2006 жылы бұл көрсеткіш 14 екен. Яғни, бұл жағдай да сол қалпында қалды деуге болады. Ал, 2006 жылы Алматыдағы «Жұма таймс», «Айна плюс», «Права, экономика, политика» газеттері өз жұмыстарын тоқтатты. Немесе 25 қылмыстық іс болған. Ал 2005 жылы 15 іс болған. Енді бұл істердің бәрі - президенттің ар-намысына қол сұғу, депутатты қорлау, жала жабу деген сияқты мәселелерге байланысты», - дейді Ғалия Әженова.

Ал, тәуелсіз «Жас Алаш» басылымының шолушысы Айдос Сарымның айтуынша, сөз еркіндігіне қоғам тарапынан да қолдау қажет.

«Мәселе біріншіден, қоғамның баспасөздің рөлін қалай түсінуінде, оның сол рөлі үшін күресе алуында. Екіншіден, баспасөзде жүрген азаматтардың қоғам алдындағы, мемлекет алдындағы жауапкершілігін түсіне алуында. Бізде ол да жоқ. Мысалы, қанша газеттер жабылып жатыр, олардың артынан шу көтеріп жүрген бірнеше ұйым ғана бар. Қоғамда болып жатқан қайшылықтар, кемшіліктер бар. Солардың бәрін жазып, көрсетіп беретін баспасөз. Ол баспасөз үшін күресуіміз керек», - дейді Айдос Сарым.

«Әділ сөз» қоры тәуелсіз лингвистикалық сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова билік орындары тарапынан сөз бостандығын шектеу азаймай отырғанына алаңдаушылық білдіреді.

«Біз қанша хат жазып, лауазымды шенеуніктерге, журналистердің жұмысына кедергі жасамағандарыңыз жөн деп өтінеміз. Өйткені, қоғам маңызды мәселелерді біліп отыруы керек, екіншіден, қоғам ақпаратты уақытында алып отыруы керек, объективті, шынайы ақпаратты алып отырса, халық біліп отырады және қай жерде не істеу керек екенін өздері шешіп отырады дегенді қанша айтып келе жатсақ та, жағдай жақсы жаққа өзгеріп, немесе сөз бостандығына кедергі азайып кетті деп айта алмаймыз», - дейді, Ғалия Әженова.

Жалпы, «Әділ сөз» қорының 2006 жыл бойынша сараптамалық есебіне сәйкес, өткен жылы журналистер мен ақпарат құралдарының редакцияларына 13 шабуыл жасалған. Сондай-ақ, 4 рет журналистерге қоқан-лоқы көрсету оқиғасы тіркелген. 2006 жылы 6 журналист қамауға алынған. Бұған қоса, есепте ақпаратқа қол жеткізуге кедергі жасау, ақпарат құралдарын таратуға, тіркеуге кедергі жасау, интернет сайттарды негізсіз жабу секілді мәселелер бойынша бақылау қорытындылары жарияланған.

Қазақстандық «Әділ сөз» қоры 2000 жылдан бері елдегі сөз бостандығының жағдайына тұрақты түрде бақылау жүргізіп келеді.