«Нұрбанк» Қазақстандағы бірқатар ақпарат құралдарынан осыған дейін жарияланған ақпаратты жоққа шығаруды талап етіп отыр

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
«Нұрбанк» АҚ Қазақстандағы «Свобода слова», «Время», «Тасжарған» газеттері және «www.zona.kz» интернет-басылымына қарсы сотқа дейінгі талап-хат берді. Оған осы басылымдар беттерінде «Нұрбанк» пен оның бұрынғы басшылығы айналасында қалыптасқан дауға орай жарық көрген мақалалар себеп болған. «Нұрбанк» АҚ-ның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпарат таратты деген аталмыш банктің өкілі, адвокат Любовь Балмағанбетова басылымдардан жарияланған ақпаратты жоққа шығаруды талап етіп отыр.
«Свобода слова», «Время», «Тасжарған» басылымдары мен «www.zona.kz» интернет-сайтына қарсы берілген сотқа дейінгі талап арызда «Нұрбанктің» өкілі адвокат Любовь Балмағанбетованың қолы қойылыпты.

«Сотқа дейінгі талап-хатта бірқатар басылымдар «Нұрбанк» АҚ-ның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа жанаспайтын, ойдан шығарылған ақпарат таратқаны айтылып, осыған орай жауапкершілікті мойнымызға алып, БАҚ туралы заңға сәйкес олардан кешірім сұрау керектігі ескертілген», - деді «Свобода слова» басылымының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева «Азаттық» радиосына.

«Нұрбанк» АҚ-ның басылымдарға қарсы сотқа дейінгі талап-хат беруіне Алматыда үстіміздегі жылдың ақпан айының 5-і күні «Нұрбанк» төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Жолдас Теміралиевтың зайыбы Армангүл Қапашева мен банктің бұрынғы төрағасы Әбілмәжін Ғылымовтың әйелі Нәзира Базарбаева өздерінің күйеулерін осы банк акционерлерінің бірі болып табылатын Рахат Әлиевтің адамдары белгісіз жерде, еркінен тыс ұстап отыр деген мәлімдемесі мен Жолдас Теміралиевтың зайыбы Армангүл Қапашеваның Қазақстан президенті атына жолдаған ашық хаты, сондай-ақ 18-ақпан күні өз үйлерінен іссапармен басқа қалаға ұшпақ болып кеткен Ғылымов пен Теміралиевті әуежайға жеткізбекші болған автокөлік оларды қала маңындағы жеке моншаға апарып, еркінен тыс қамауда ұстағанын хабарлағаны себеп болған.

«Кез-келген ақпарат құралының қоғамда болып жатқан оқиғаларды беруге құқығы бар. Оның үстіне басылымдардың Армангүл Қапашеваның президент атына жазған хатын жариялауы ешқандай заң бұзушылық емес. Біз тек бірінші ақпарат көзінен алынған мәліметті жарияладық. Армангүл Қапашеваның президентке жолдаған хаты, оның өз үйінде өткізген баспасөз мәслихатында айтылған пікірлерді басылған газет саны жарыққа шыққан күні «Нұрбанк» АҚ-ның өкілі, адвокат Любовь Балмағанбетованың қолы қойылған сотқа дейінгі талап-хатты алдық», - деді газет редакторы Г.Ерғалиева.

Осы мәселеге орай сауал қойған «Азаттық» тілшісіне «Нұрбанк» АҚ өкілі, адвокат Любовь Балмағанбетоваға қандай да бір түсінік беруден бас тартты.

«Мұндай ақпартты қайдан алғандарыңызды білмеймін. Бұл туралы хабарым жоқ. Сіздер осыған дейін Рахат Әлиевтің өзінің ар-намысын қорғау мақсатында Армангүл Қапашева мен Назира Базарбаевны сотқа бергендігін білесіздер», - деумен шектелді Л.Балмағанбетова.

«Свобода слова» басылымының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева болса басылымның кәсіби қызметінде ешқандай заң бұзу оқиғасы жоқ деп отыр.

«Заңда ресми түрде жолданған хаттардың, баспасөз мәслихатында жарияланған деректердің жауапкершілігін журналист мойнына алмайды деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Осы заңдық тұрғыдан алып қарағанда, «Нұрбанк» АҚ-ның басылымдарға қарсы берген сотқа дейінгі талап-хатын негізсіз деп санаймыз. Ал, моралдық тұрғыдан алып қарағанда, баспасөз құралдары неге басқа адамдардың, соның ішінде бүгінгі күні түрлі бақытсыздықты бастан кешіріп, біреуі - ұшты-күйлі жоғалып, біреуі - тергеуге алынған банкирлердің зайыптарының сөзіне сенбеу керек? Сондықтан, қамауға алынған Ғылымовтың арыз-шағымына сай, арнаулы орындардың қаңтардың 18-і күні орын алған оқиғаға жүргізген тергеу-тексерулерінің нәтижесін күтеміз. Дәл қазіргі уақытта басылым ешқандай мақаланы теріске шығара алмайды», - деді газет редакторы.

Сөз бостандығын қорғаушылар бұл іске қатысты басылым редакцияларын жауапқа тарту баспасөз еркіндігі жөніндегі принциптерге қайшы деп отыр.

«Бұл жағдайды қай жағынан алып қарасақ та ол Конституцияда көрсетілген еркін ақпарат алу және оны тарату, сондай-ақ осы уақытқа дейін Қазақстан қабылдап, қол қойған халықаралық пакті нормаларына, бүгінгі таңда төрағалығына ұмтылып жатқан ОБСЕ стандарттарына тура келмейді», - дейді Қазақстандағы сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева.

Осы аптада президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев өзінің ар-ожданына нұқсан келтірді деп, «Нұрбанктың» бұрынғы төрағасы Әбілмәжін Ғылымовтың зайыбы Нәзира Базарбаева мен аталған банк төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Жолдас Теміралиевтың жары Армангүл Қапашеваны сотқа берген-ді. Әлиев мырза өз адвокаты арқылы Алматы қаласының Медеу аудандық сотына түсірген шағым-арызында өзінің ар-ожданына тиген нұқсанды 1 млн теңгеге бағалапты.

Рахат Әлиев бұған дейін өз ар-ожданын қорғап, сотқа жүгінген болатын. Мәселен, Әлиев мырза, осыдан бір жыл бұрын қаскөйлердің қолынан қаза тапқан оппозициялық саясаткер, бұрынғы ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты өзіне күйе жақты деп, Ұлттық қауіпсіздік органының бұрынғы офицерін сотқа беріп, былтыр сотта жеңіп шыққан болатын. Ал 2005 жылы елдегі «Хабар» агенттігі осы ақпарат құралы Р.Әлиевтің зайыбы, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның меншігіндегі медиа-холдингтің құрамына кіреді деген сөзі үшін Алтынбек Сәрсенбайұлын сотқа беріп, сот ол істі телеарнаның пайдасына шешкен еді.

2007 жылғы ақпанның 15-күні «Ройтер» агенттігі жариялаған сұхбатта Қазақстанның Венадағы елшісі Рахат Әлиев Қазақстандағы «Хабар», «КТК» телеарналары мен «Караван» газетінің, «Kazakhstan Today» ақпарат агенттігінің акцияларына иелік ететінін мойындады.