Қазақстан өзен-суларды пайдаланудың тиімділігін арттыра алмай отыр

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ
Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, Қазақстан табиғат ресурстарын өндірістің дамуына сай пайдаланып жатқан жоқ. Министр әсіресе ауыл шаруашылығында су көздері ысырапсыз пайдаланылатынын айтады. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі биылдан бастап жаңа технологияларды қолдану арқылы су көздерін тиімді пайдаланған шаруа қожалықтарына жеңілдіктер дайындалғанын хабарлап отыр.
Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, Қазақстан өндірістің дамуы үшін табиғат қорларын тиімді пайдаланудың орнына, оларды қалай болса, солай пайдаланып келеді. Ол әсіресе, табиғат қорлары беретін энергетиканы пайдалануда Қазақстан белсенділік таныта алмай отыр дейді.

- Елдердің экономикалық дамуын оның энергетика тұтынғанынан көруге болады. Ал Қазақстан 2005 жылы 65 гегаватт қуат көзін пайдалана алмай қалып, ол 82 миллиярд АҚШ долларын құраған. Бұл Қазақстанда қорларды пайдалану деңгейі салыстырмалы түрде төмен деген сөз. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан дүниежүзілік стандарттан жоғары тұрғанымен, дамыған елдерден төмен тұр. Біз алдағы жылдары қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін бәсекеге қабілетті дамыған елдердің деңгейіне жеткізу үшін осы қорларды пайдаланудың тиімділігін арттыруымыз керек, - дейді Нұрлан Ысқақов.

Ал Ауыл шаруашлығы министрлігінің Су қорлары жөніндегі комитет төрағасы Анатолий Рябцев Қазақстанда мұның бәрі су көздерін дұрыс пайдаланбаудың кесірінен болып отыр деген пікір айтады.

- Біз қазір дамыған елдерге қарағанда күріш, мақта сияқты дақылдарды өсіру үшін шамамен, суды екі есе көп пайдаланамыз. Сондықтан, мемлекет мұны ретке келтіру керек. Мысалы, жаңа технологиялпарды қолдануы арқылы су көздерін тиімді пайдалануы үшін ауыл шарушылығында жұмыс істейтіндерге мемлекеттік қолдау көрсетіп, біртіндеп егін алқаптарын арықтармен суғару тәсілін азайтуымыз керек. Біз егін алаңдарына жіберетін судың 30-40 пайызы жолда жоғалады. Ал егер біз мұны дұрыс жолға қойсақ, 30 пайыз су бекер жерге кетпей, оны экожүйенің өзіне қайтарар едік. Бұл біздің еліміз үшін маңызды. Өйткені Қазақстанға өзен-сулардың жартысынан көбісі көршілес елдерден келеді, - дейді Анатолий Рябцев.

Сондай-ақ, Су қорлары жөніндегі комитет төрағасы 2007 жылдан бастап суды ауылдық жерлерде пайдалануға қатысты мемлекет ұстанып отырған саясаттың өзгеретінін айтады.

- Біз 3 жыл болды, суғарушыларға мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіп келеміз. Ал осы жылдан бастап біз басқа тәжірибені қолданбақпыз. Мысалы, кімді-кім суды жаңа технологиялар арқылы тиімді, үнемді пайдаланса, соларға беретін субсидия 70 пайызға артады. Керісінше, кімде-кім суды ысырап қылса, соларға су беру шектелініп, мемлекет тарапынан көмек көрсетілмейді. Бұл қадамдардың барлығы суды үнемдеуге бағытталынған, - дейді Анатолий Рябцев.

Ал экономист Рахман Алшанов ауыл шаруашылығында жаңа технологиялардың аз болуына байланысты жоғарыда айтылған пікірдің жақын уақытта жүзеге асатынына күмәнданатынын айтып, құлдырап кеткен ауыл шаруашылығы мемлекеттің қолдауын қажетсініп отыр дейді.

- Мына АҚШ-та ауыл шаруашылығы өнімдерін орта және ірі шаруашылықтар береді. Бізде де фермердің үлесі басым. Бірақ олар тыңайтқыш пен техникадан қиындық көріп келеді. сондықтан бізге әлі де болса, көп жұмыстар тындыру керек. Мына агролизингті молырақ қаржыландырсақ, сонда мемлекеттің кәсіпорындарға көмегі ұлғая түспек, - дейді экономист.