Президент Виктор Ющенко парламент таратылып, сайлау мерзімінен бұрын өткізілсін дейді. Жүздеген адам кеше Киевте шеру өткізіп, бұған наразылық танытты. Олардың шеруі президент Ющенкоға қолдау танытқан басқа шерумен қатар келді. Президент Ющенко өзінің қарсыласы, бас министр Виктор Януковичтің жағындағы парламент депутаттары конституцияға қарсы әрекет жасайды деп айыптаған. Бас министр Янукович мәселе Конституциялық сотта қаралмайынша, ешқандай сайлауға дайындық жүргізбейміз деді, билік басындағы коалиция мен үкімет президент шешіміне наразы деді. Президент Ющенко мен бас министр Янукович кеше кездесіп, мәселені талқылады, алайда текетірестен шығатын жол таба алмады.