«Алматыпромстрой» компаниясының үй құрылысын мерзімінде аяқтамауы кесірінен тұрғындар пәтер жалдауға мәжбүр болып отыр

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ
120 алматылық отбасы өздеріне арнап салынған үйлерге 1 жылдан бері кіре алмай отыр. Олардың айтуынша, бұған үлескерлік меншігі бар үйлерді «Алматыпромстрой» құрылыс компаниясының уақытында аяқтай алмауы себеп болған. Компания мен тұрғындар арасындағы осы үйлерге қатысты дау-дамай бүгін де жалғасын тапты.
Бүгін Алматыдағы Әйтиев пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан құрылысы аяқталмаған үйлердің маңына олардың болашақ қожайындары мен «Алматыпромстрой» құрылыс компаниясының өкілдері жиналды. Тұрғындардың айтуынша, бұл соңғы бір жыл ішіндегі екі жақ өкілдерінің қатысуымен болып отырған әлденешінші кездесу. Соған қарамастан, барлық кездесулер үнемі бір сарынмен аяқталады дейді осы үйлердің болашақ тұрғындарының бірі Серғазы Қалиев.

- Олар осы күнге дейін «үйлеріңді бітіріп береміз» деп өтірік айтып, уақытты созып келеді. Енді бүгін «мамырдың 15-і бітіріп береміз» дейді. Олардың жұмысты тыңғылықты атқарып, бізді сендіретіндей, жұмыс кестелері жоқ, - дейді Серғазы Қалиев.

Оның айтуынша, 2005 жылдың ақпан айында «Алматыпромстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктекстігі 2006 жылдың 15 сәуіріне дейін үй тұрғызып беру үшін бірнеше отбасыдан алдын-ала ақша алған. Келісім бойынша компания ақшасын бірден төлеген адамдарға пәтердің 1 шаршы метрін 820 АҚШ долларына беруге келіскен. Мұнан бөлек келісімде, компания міндетін орындауды кешіктіріп жатқан жағдайда, 60 күннен кейін тұрғындардың берген ақшаларының 0,2 пайызын қайтарып ала алатындығы жазылған. Алайда компания құрылысты уақытында аяқтай алмайтындығы белгілі болғанда, екі жақ қайта келісім жасауға мәжбүр болған. Ол келісім бойынша, компания тұрғындарға пәтірлерін 2007 жылдың 15 сәуіріне дейін бітіріп беруі тиіс болатын. Соған қарамастан, бұл келісім де орындалмай отыр дейді Серғазы Қалиев.

- Компания президенті Бектемісов мырзаға жолығу қиын болды. Әйтеуір дегенде, бір күні жолыққанымда «Ренжімеңіздер, ақшаларыңызды жұмсап қойдым. Біздің басқа да объектілеріміз бар еді. Оның үстіне құрылыс материалдары қымбаттап кетті» деді. Ал ол әр шаршы метріне бізден 820 доллардан алды. Ол кездерде үкіметтің 1 шаршы метрге қойған бағасы 280 доллар болатын. Яғни, ол 4 есе қымбат бағаға алды. 2 жылдан бері сол ақшаларды қайда жіберген? – дейді Серғазы Қалиев.

Серғазы Қалиевтің айтуынша, компания құрылысты бітіруге қаржы таппай жатқаннан кейін, бұдан бірнеше ай бұрын тұрғындардың әрқайсысынан қосымша тағы 2 жарым мың АҚШ долларын сұраған. Алайда тұрғындар мұндай қадамға бармаған.

Пәтерлер құрылысының тезірек аяқталуын күтіп жүрген тұрғындардың тағы бірі Зылиха Аязбаева компанияның қайта-қайта берген уәделеріне сеніп, өздерінің қиын жағдайда қалғандарын айтады.

- Компания былтыр «15 қарашада бітіріп береміз, бұл соңғы мерзім» деген. Сонан біз үй бітетін болған соң, «үйге жөндеу жұмыстары керек» деп, ақша іздеп, тұрып жатқан үйімізді сатып жіберіп, өзіміз пәтер жалдауға көштік. Содан амалсыздан әлі пәтерде тұрып келеміз. Біз сияқты ай сайын пәтерге 500-600 доллар ақша төлеп, қиналып жүргендер мұнда көп. Енді не істейтінімізді білмей отырық, - дейді Зылиха Аязбаева.

Сондай-ақ, ол егер құрылыс қарқыны осы бетімен жүре берсе, онда үйлер уәде еткен 15 мамырда да бітпейді деген көзқарас білдіреді.

- Қазір де ештеңе жасалып жатқан жоқ. Әр жерде 3-4 адамнан ғана жүр. Бұл түрімен олар қай уақытта бітпек? Жылу, жарық, су, газ ешқайсысы тартылған жоқ. Салынған үй 2005 жылы бітпеген күйі әлі сол күйінде тұр. Бір сөзбен айтқанда, олар уәделерін орындамай отыр, - дейді Зылиха Аязбаева.

Алайда компания өкілдері осы оқиғаға қатысты қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.