Биылғы жылы Қазақстаннан сыртқа шығатын туризм 40 пайызға дейін артуы мүмкін

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
Ал бұл елге кіретін және ішкі туристер саны айтарлықтай өсе қоймайды, өткен жылғы үрдіс сақталады. Мұндай болжамды Қазақстан туристер қауымдастығының өкілдері жасап отыр. Аталмыш қауымдастық өкілдерінің айтуынша, Қазақстанның жері байтақ болғанымен сатуға келетін өнімі жоқ. Барып көруге тұратын орындар аз екен.
Орал Естемісова жаз маусымында көрші елдердің біріне барып демалып келгенді жөн көріп отыр. Оның жанға дауа болар жерді сырттан іздеуіне Қазақстанның туризм саласының дамымай отырғандығы себеп екен.

- Қазақстанда да демалатын жерлер өте көп. Бірақ, өкінішке орай, бар нәрсені іске жарата алмай отырмыз. Қапшағайдан бастап Балқаш, Алакөл, Сарыағаш - солардың бәрін көркейтуге болады ғой. Инфрақұрылымы дамыса біздің шетел асып, жолға шығын шығарып неміз бар? - дейді Орал Естемісова.

Мамандар Орал Естемісова сынды Қазақстаннан сыртқа шығып демалатын туристер саны артады деген болжам жасап отыр.

- Әрине, Қырғызстандағы саяси жағдай тұрақты болса Ыстықкөл бәрінен озатыны белгілі және біз биыл Түркияға баратындар легі тағы да артады деп жоспарлап отырмыз. Қазақстан нарығында Шығыс Еуропа елдері де (Венгрия, Румыния) кеңінен таралған, Греция мен Кипр нарықты тұрақты жаулап алған, - дейді Қазақстан туристер қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова.

Оның айтуынша, Қазақстанда бұрынғыдай іскерлік туризм басым (82-84%), қалған бөлігін экологиялық және спорттық туризм иемденеді.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанға шетелдерден туристер ағылу көрсеткіштері 1999-2001-жылдарда байқалған. Бұдан кейін тоқтап қалды. Бұл ақпараттың жетімсіздігінен болса керек.

- Қазақстанға саяхаттарды сататын шетелдік агенттіктердің саны артқанымен, осы елдерден келетіндердің саны кейінгі жылдары сол қалпында қалып отыр, - дейді «Хан тәңірі» туристік фирмасының жетекшісі Қазбек Валиев.

Оның айтуынша, Қазақстанның даласы ұшы қиырсыз болғанымен сатуға келетін өнімі жоқ. Барып көруге тұратын орындар аз. Табиғаты көркем жерлер мен таулы аудандар Қытай мен Қырғызстан шекарасында орналасқан. Ол жерлерде мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі заңдар жұмыс істейтіндіктен, жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ екен.

Мамандар бұл елге кіретін және ішкі туристер саны биылғы жылы айтарлықтай өсе қоймайтындығын айтып отыр. Мұның себебі - демалыс орындарының ішкі инфрақұрылымдарының дамыған елдердегідей болмауы, келем деушілерге кәдімгідей тосқауыл екен. Мұны тұрғындар да растап отыр.

«Мысалы, мен Сарыағашта болдым. Сонда байқағаным – Қазақстан жағына қарағанда Ташкент жағында қызмет көрсету сапасы жақсы», дейді жоғарыдағы кейіпкеріміз Орал.

Ал қатардағы кейбір азаматтар Қазақстанның туризм саласының болашағына сеніммен қарайды. Олардың бірі - Атлас Байқадамова есімді тұрғын.

- Біз әдетте Ыстықкөлде демалатынбыз. Алакөл мен Бурабайда болдық. Алакөл дамып келе жатқан жер. Көлдің суы өте тамаша. Енді болашақта Алакөлде туризм кеңінен дамитын шығар. Биылғы жылы бір жаққа шығатын болсақ не Бурабайға, не Алакөлге баратын шығармыз, - дейді Атлас.

Ал сырт елдерге шығып саяхаттап қайтуға мүмкіндігі жоқ Әзима: «Демалысқа шыға салысымен ауылдағы әке-шешемізге барамыз. Шарын шатқалына баруға болады. Бірақ, онда күннің ыстығында отыратын орындар, ыстық тамақ деген атымен жоқ. Көрпең мен тамағыңды арқалап барған күйі соншалықты шаршап қайтасын», дейді.

«Хан тәңірі» туристік фирмасының жетекшісі Қазбек Валиевтің айтуынша, Қазақстанға көбінесе Англия, Германия, Жапониядан белсенді демалуға туристер келеді екен.