Қазақстан қарулы күштерінің құрылғанына 15 жыл толды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА
Осы мерейлі күнге байланысты 7-мамырда Қазақстан президенті бірқатар офицерлерді кезекті генералдық шендермен және орден-медальдармен марапаттады. Және Астанада салтанат сарайында әскери мамандарға үлкен концерт көрсетілді. Қазір Қазақстан қарулы күштері Орта Азиядағы ең жоғары қаржыландыратын әскер екендігі белгілі. Оған мемлекет бюджеттен бір миллиард доллардан астам қаржы жұмсайды.
Сәнді киінген Қазақстан қарулы күштерінің сарбаздарына кейде бұйрық қазақша беріліп жататынын байқауға болады. Бірақ, бұл салтанатты шерулер мен шет мемлекеттің басшыларын қарсы алғанда ғана байқалатын көрініс. Ал шын мәнінде «Қазақстан қарулы күштері мемлекеттік тілге тек 2008 жылы ғана көшпек» дейді осы министрліктің баспасөз хатшысы полковник Әбіш Смайлов:

- Мемлекеттік тілді дамыту және енгізу туралы басқарманың ұйғарымына сәйкес Қазақстан қарулы күштеріне мемлекеттік тіл жаппай 2008 жылдың бірінші қаңтарынан бастап енгізілмек. Қазір қарулы күштерде бұйрықтар қазақ тілінде беріледі де, ал құжаттар екі тілде қатар жүргізіледі.

Бірақ, қатардағы әскерде жүрген жауынгерлер аздап болса да қазақша марш пен өлеңдер айта бастаған екен. Он жылдам астам Қазақстан қарулы күштерінің қатарында қызметте жүрген полковник Смайлов мырза «өткен уақытта Қарулы күштер қатарындағы ең байқалатын нәрсе - әскерді қаржыландыру» дейді.

- Қазақстан қарулы күштерінің қатарында осы оншақты жылдарда байқағаным, өзімнің жеке пікірім – елдің бірнеше қалыптасу кезеңдерімен біз де келе жатырмыз ғой. Ел экономикасы жақсарған сайын қарулы күштердің де жағдайы жақсарып келеді. Жыл сайын бізге бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып келеді. 2002 жылдан бастап бізге бөлінетін қаржы Ішкі жалпы өнімнің бір пайызын құраушы еді, 2007 жылы өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп қаржы бөлініп, ол ішкі жалпы өнімнің бір 1,2 пайызын құрады.

2007 жылы Қазақстан қарулы күштеріне 1,22 миллиард доллар көлемінде қажы бөлінді. Салыстырмалы түрде айтсақ, мысалы, бұған дейін өз қарулы күштерін Қазақстанға қарағанда екі еседей көп қаржыландырған Өзбекстан 2007 жылы тек 900 миллион доллар көлемінде қаржы бөліпті.

Қазақстан қарулы күштеріне қаржыны көбейту себебін «Қара майор» атымен аты аңызға айналған отставкадағы офицер Борис Керімбаев былай түсіндіреді:

- Бізде әскери техника мен жабдықтарды жасайтын зауыттар жоқ. Бәрін сатып аламыз. Біздегі жабдықтар кеңес дәуірінен қалған, ескі. Оларды заман талабына сәйкес жаңарту керек. Міне соған қаржы қажет.

Ал қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы полковник Смайлов «қазір Қазақстан қарулы күштері үлкен трансформациялау кезеңін бастан кешіріп отыр» дейді.

- Трансформациялаудың негізгі міндеттері: бірінші, әскери білім беру саласын жетілдіру; екінші – кадр мәселесі; үшінші – қарулы күштерді осы заманғы қару–жарақпен және техникамен жабдықтау. Сондықтан қазіргі заманға сәйкес озық техниканы әскердің күнделікті өміріне енгізу үшін жаңа бас басқарма құрылып жатыр. Кадр мәселесін одан әрі дамыту үшін жоғарғы оқу орындарын қайта қарап жатырмыз, бүкіл бағдарламасын, мазмұнын, қандай бағытта дамыту керек... Міне осыларды іске асыру үшін қазір дербес жоғары әскери білім, ғылым департаменті құрылуда, - дейді полковник Смайлов.

Десе де мамандар Қазақстан қарулы күштеріне қазір де білікті мамандар жетіспейдігін айтады. Сондай-ақ олар қазіргі Қазақстан қарулы күштерін жартылай кәсіби-техникалық қайта жабдықталу мен реформалау кезеңін бастан кешіріп отырған әскер деп сипаттайды. Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары тек бір ғана жоғарғы әскери оқу орны болған Қазақстанда қазір бірнеше жоғарғы, орта және кадеттік оқу орындары бар.

Биылғы жыл басында Қазақстанның қорғаныс министрі боп азаматтық тұлға – Даниял Ахметов келген болатын. Және жаңа әскери доктрина да қабылданған. Ең бірінші 2003-2005 жылдарға арналған әскери доктрина 2003 жылы қабылданған болатын. Әскери мамандар жаңа әскери доктрина да бейбіт, қорғаныс бағытта болып, ерекшелігі – жаңа заман озық техникасы мен жабықтарына негізделген дейді.