Жамбыл облысында аурухана құрылысын салуға бөлінген ірі көлемдегі қаржы қолды болған

  • Досан БАЙМОЛДА
Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі Раушан Әбдірахманова бейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, туберкулез дертіне шалдыққан тұрғындар үшін аса қажет емдеу орталығын салу барысында 91 млн теңгенің жымқырылғаны анықталғанын хабарлады.
Прокуратура өкілінің айтуынша, облыста туберкулезге қарсы емдеу, сауықтыру ауруханасын салу жұмысы 2005-ші жылы басталса да осы күнге дейін әлі аяқталмаған. Жалпы, осы мақсатқа арнап бюджеттен 275 миллион теңге жұмсалыпты.

«Облыстық прокуратураның кезекті тексеруі кезінде мәлім болғанындай, 2005-ші жылы Жамбыл облыстық әкімшіліктің құрылыс департаментінің директоры О.Жампозов пен «Меркеспецстрой» құрылыс компаниясы директоры Қ.Садырбаев екеуі арасында туберкулезге қарсы емдеу орталығының құрылысын облыстағы Т.Рысқұлов атындағы ауданда 327 млн теңгенің қаржысына салу жөнінде келісім шарт жасалған. Шын мәнінде, департамент директоры мен құрылыс директоры екеуі сыбайлас жемқорлыққа барып, осынша көлемде қаржыны жымқырғаны анықталғандықтан, бұл азаматтардың үстінен Қазақстанның қылмыстық қодексінің 308 және 107-ші баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр», - дейді Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі Р.Әбдірахманова.

Қазақстан өткен жылы сыбайлас жемқорлық жағынан әлемдегі 165 мемлекеттің арасынан 111-ші орын иеленген. «Қазақстан-Транспаренси» қоғамдық қорының атқарушы директоры Сергей Злотниковтың пікірінше, сыбайлас жемқорлық жағынан Қазақстанның бұл иеленген орны өте жоғары, яғни Қазақстан коррупцияға әбден малынған елдің бірі санатында.

Оның айтуынша, елде сыбайлас жемқорлық тамырының бармаған, жетпеген есік-тесігі кемде-кем. Бұл ел үшін, ұлт үшін үлкен қасірет дейді ол.

Қазақтың Тағамтану институтының директоры, академик Төрегелді Шарманов Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың ең бір дендеп кірген саласы - денсаулық сақтау саласы дегенді айтады. «Денсаулық сақтау саласына жыл сайын бөлінетін миллиардтаған теңгенің қаржысы түрлі жағдайлармен сыбайлас жемқорлықтың азығы болып отыр» дейді академик.

Тек өткен 2006-жылы үкімет денсаулық сақтау саласына 2 миллиардтай АҚШ долларының көлемінде қаржы бөліпті. Бұл Қазақстанның жалпы ішікі өнімінің 2,57 процентін құрайды. Ал, Дүниежүзілік денсаулық ұйымының талабы бойынша, Қазақстан 2008-2010 жылдары денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы мөлшерін жалпы ішкі өнімінің 4 проценті деңгейіне жеткізуді мақсат етіп отыр. Алайда қазақстандық сарапшылар елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті барынша күшейтіп, оған тосқауыл қоймайынша, бұл бөлінетін қаржы бәрібір халық мақсатына толық жұмсалмай, жолдан қолды болады дегенді айтады.