Ауғанстанда соңғы 2 тәулік ішінде кем дегенде 27 адам қаза тапты

КАБУЛ: Ауғанстан армиясы мен АҚШ бастаған коалициялық күштердің хабарлауынша, сейсенбіден бері Ауғанстанның түрлі аумағында 20-дан астам тәліптің көзі жойылып, 7 полицей қаза тапты. Бүгін Ауғанстанның шығысындағы Жалалабад қаласының маңындағы тауда 6 тәліп оққа ұшса, оңтүстіктегі Урузган облысындағы жол бойына қойылған бомбаның жарылысынан 4 ауған полицейі құрбан болды. Сейсенбі күні Фарах облысында кем дегенде 14 тәліп пен 3 полицей қаза тапты. Осы күні Ауғанстанның шығысындағы Нұристан облысында тағы 2 тәліптің көзі жойылды.