Қазақстан Коммунистік Партиясы жаңа бағдарламасын таныстырды

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ
13 маусым күні Қазақстан Коммунистік Партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин өз әріптестерімен бірге партияның жаңа бағдарламасын дайындап шыққандарын мәлімдеді. Партия жетекшісінің айтуынша, жаңа бағдарлама адам құқықтарын қорғауға, халық ұжымшылдығына, социализмге және халық билігіне негізделініп жасалып, алдыңғы бағдарламаға қарағанда біршама өзгерістерге түскен. Ол сондай-ақ, коммунистер билік тармақтарына келгеннен кейін бағдарламаға біртіндеп өзге де өзгерістердің еніп отыратындығын жеткізді.
13 маусым күні заман талабына сай партияның жаңа бағдарламасын әзірлегенін мәлімдеген Қазақстан Коммунистік Партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин, бағдарламада негізінен адам құқықтарын қорғау, ұжымшылдық, социализм және халық билігі мәселелері көтерілгенін айтты. Өз сөзінде биліктің жүргізіп жатқан саясатын қатты сынға алған Серікболсын Әбділдин халықта саяси белсенділіктің жетіспей жатқанын атап өтті. Ал жаңа құжаттың мазмұны жайында ол бағдарламаның кейбір тұстары 20 ғасырдың басындағы «Алаш» партиясының бағдарламасына ұқсайтынын айтты.

- Алаш партиясының негізін қалаған қайраткерлеріміз ең бірінші халықты ағарту арқылы оның саяси деңгейін көтеруді көздеген болатын. Қазіргі заманда да халқымыздың момындығына, саяси деңгейінің көтерілмеуіне, заңды жақсы білмеуіне байланысты билік халыққа не істеймін десе, соны істеп жатыр. Осыған қарсы күресу үшін біздің негізінен халықты ағартуға арналған жаңа бағдарламамыз халыққа жол көрсетпек деп ойлаймыз, - дейді Серікболсын Әбділдин.

Сондай-ақ, ол соңғы кездері коммунистер арасында пайда болған жікті қайта жалғастыруға өзінің дайын екендігін де айтты.

- Біздің өзге коммунистермен қосылайық деген құжатымыз күшінде қала береді, яғни біз өз сөзімізде тұрамыз. Егер Косаревтың орнына Қазақстан Коммунистік Халықтық Партиясынан өзге біреу келіп «біз екі партия емес, бір партия болайық» десе, оған есігіміз ашық, - дейді Серікболсын Әбділдин.

Мұнан бөлек партия жетекшісі өзге де партиялар қаласа, олармен де қосылуға ниетті екендігін, алайда оған жаңадан қабылданған партиялардың блоктарға бірігіп сайлауға түсуіне болмайды деген заң талаптарының кедергі келтіріп тұрғанын жеткізді.

Ал Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының қатарындағы Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов болса, Қазақстан Коммунистік Партиясы қабылдаған жаңа бағдарламаға өзінің қарсы екендігін айтып, онда коммунистік идеологияға қайшы келетін сөздер жазылған деді.

- Бағдарламаны өзгертетіндей, Әбділдин емес маркстік-лениндік идеологияны жасап шығарған. Одан таюға болмайды. Егер Әбділдин одан тайса, онда ол коммунист емес. Бағдарламадағы «адамның құқығы», «демократия» деген сөздер былшылбай, Батыстан шыққан сөздер. Ал біз Батысқа қарсымыз, - дейді Ерасыл Әбілқасымов.

Қазақстанда ресми тіркелмеген «Қазақстанның халық билігі» партиясының төрағасы Бағдат Әріпов жаңа бағдарлама қабылдаған Коммунистік партияны жұрт арасында кең қолдау табатынына күмәнмен қарайды.

- Коммунистер осы уақытқа дейін құрамына жаңа мүше тартқан жоқ. Оның құрамында кейінгі жастардың толқынынан ешкім жоқ. Одан орта буынның өкілдері де шығып кеткен. Сондықтан да партияның қоғамда айтарлықтай белсенділігі жоқ. Ал партияға бағдарламасын өзгерткеннің өзінде оны халыққа жеткіземін дегенше, көп уақыт керек болады. Оның үстіне Қазақстанда коммунистік партияларға деген баяғы көзқарасынан арылмағандар көп, - дейді Бағдат Әріпов.

Қазақстан Коммунистік партиясы Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясымен бірігетіні туралы биылғы жылдың 25 наурызында екі партия баспасөз-мәслихатын өткізген болатын. Алайда, арада шамамен екі ай өткеннен кейін, Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының төрағасы Владислав Косарев өздерінің бұл қадамға бармайтындықтарын мәлімдеді.

Ал Қазақстан Коммунистік Партиясы биылғы маусым айының 16-сы күні өзінің кезекті сиезін өткізіп, онда партияның құрылғандығының 70 жылдығын атап өтпек.