Парламент мәжілісінің бір топ депутаты президент Назарбаевтан үшінші шақырылымдағы мәжілісті таратуды сұрап отыр

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ
Сейсенбі күні парламенттің бірлескен отырысында президентшіл «Нұр Отан» партиясының мүшесі, мәжіліс депутаты Нұрбах Рүстемов Қазақстан президентінің атына үшінші шақырылымдағы мәжілісті мерзімінен бұрын тарату жөнінде үндеу жариялады. Үндеуге елуге жуық депутат - «Нұр Отан» партиясының мүшелері қол қойыпты. Дүйсенбі күні Конституциялық Кеңестің төрағасы Игор Рогов парламент мәжілісін тек президент ғана тарата алады деген шешім шығарған болатын.
Конституцияға өзгеріс енгізгеннен кейін, үшінші шақырылымдағы мәжіліс тарайды-мыс деген сөздердің соңғы нүктесі үстіміздегі аптаның сәрсенбісінде қойылмақ. Сәрсенбі күні парламент мәжілісінде «Нұр Отан» партиясы төрағасының қатысуымен фракция өтеді деп күтіліп отыр. Ал сейсенбі күні мәжіліс депутаты Нұрбах Рүстемов Конституциялық Кеңестің шешімінен кейін Қазақстан президентіне үндеу жолдады:

- Жаңа өзгерістерді енгізу үшін, мәжілісті таратсаңыздар екен дедік. Өйткені, екі жыл бойы демократиялық реформаларға тежегіш болып отырғымыз келмейді.

Жоғарыдағы Үндеуге «Нұр Отан» партиясына мүше, парламенттің елуге жуық депутаты қол қойған. Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов мәжіліс депутаттарының сауалдарына байланысты дүйсенбі күні берген түсініктемесінде, үшінші шақырылымдағы мәжілісті таратуға тек президенттің ғана құзыреті бар екенін айтты. Оның сөзінше, президент Конституцияның жаңа талаптарына сәйкес, спикерлермен немесе Үкімет басшысымен кеңескеннен кейін өзі тарата алады немесе депутаттар үндеу жолдауы керек екен.

Конституциялық кеңестің шешімінен кейін Нұрбах Рүстемов «президенттің шешімін күтпей, екінші жолды таңдап, өзіміз бастама жасадық», деп отыр. Ол өздерінің бұл бастамаларын ерлікпен теңейді:

- Бұл менің әріптестерімнің азаматтық позициясының көрсетуі. Өйткені, екі жыл тыныш ғана отыруға болар еді. Сөйте тұрып, қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болуымыз керек.

Үндеуге қол қоймаған депутаттардың бірі, Коммунистік халықтық партиясының мүшесі Ерасыл Әбілқасымов Нұрбах Рүстемов президент аппаратының тапсырмасын орындап отыр дейді:

- Таратылуы сөзсіз керек. Керек болатын себебі, бұл тіпті ішкі қалталы парламент болып кетті. Ешқандай билікке қарсы сөз айту деген жоқ. Халықтың мәселесін толық шешу деген мүлдем жоқ. Жоғары жақта не айтады, соны ғана орындайды.

Депутат Әбілқасымовтың сөздеріне қарағанда, сайлаудың қашан болатындығы, парламентке кімдердің өтетіндігі әлден-ақ анықталып қойған. Ол қазіргі депутаттардан спикер, сосын фракция төрағалары және мәжілісті таратуға атсалысқан депутаттар мен Конституцияға «супер» ұсыныс жасаған депутаттардың «Нұр Отан» тізімінің алдыңғы қатарында көрінетіндігін айтады. Ал тізімге кірмеген «Нұротандықтарды» ренжітпеу үшін оларға қызметтер де әзірлеп қойған, дейді Ерасыл Әбілқасымов:

- Билік бүкіл күшін салған күннің өзінде сексен проценттен аспас. Соның өзінде кемінде жиырма процентті оппозиция алады. Қазіргі депутаттардың кемінде отыз-отыз бесі ғана өтеді. Қалғандары өтпейді.

Ал ешқандай партияға кірмейтін мәжіліс депутаты Болат Әбішов өз әріптестерінің әрекеттерін сайқымазақтықпен теңейді:

- Таратудың үлкен мағынасын көріп тұрғаным жоқ. Сайлаушылардың немесе халықтың қамын ойлап тұрған ешкім жоқ. Бұл жерде қол қойған депутаттар өздерінің қамын ойлап отыр. Ертең сайлау болған кезде, билікке жағынып, тізімге ілініп қалайық деп отыр.

Қазақстан парламенті мәжілісінің үшінші шақырылымдағы депутаттары 2004 жылы күзде 5 жыл мерзімге сайланған болатын.