Билік партиясының съезінде айтылған уәделерді оппозиция популизм ретінде бағалайды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА
Сәрсенбі күні Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев «зейнетақы мөлшерін 2-2,5 есеге, бюджеттік қызметкерлер жалақысын 2 еседей көбейтеміз» деген ұсыныстарын Қазақстандық оппозиция өкілдері популистік ұран деп бағалап отыр. Сонымен қатар олар билік басындағылардың толығымен «Нұр Отан» партиясының мүшесі болғандығы елде орын алып отырған келеңсіздікті кімнен сұрау керектігін жеңілдетеді деп есептейді.
«Нұр Отан» партиясының Астанадағы өткен кезектен тыс ХІ съезінен қазақстандық оппозиция басшылары бәлендей жаңалық күтпейтіндерін айтып отыр.

«Жалпы айтқанда, біз «Нұр Отан» партиясы бүгін қандай мәлімдеме жасаса да, қандай шешім қабылдаса да, сол баяғы сарынмен келе жатқан әрекет деп қараймыз. Сондықтан, елге аса бір жаңалық әкелетіндей нәрсе бола қойған жоқ қой деп ойлаймын», - деді Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясының көсемі Жармахан Тұяқбай.

Ал осы партия төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов:

- «Нұр Отан» партиясының съезінде қоғам талайдан күтіп жүрген жайттер айтылды деп айта алмаймыз. Президенттің айтқандары бұрындары бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында айтылып жүрген, өзінің баяндамаларында айтылған нәрсе. Дәл қазір осыншама сынға ұшырап отырған партияның қандай да жаңалық әкеледі дегенге мен сенбеймін. Бәлкім, ол партия елдегі жағдайды түсініп, соған халықтың алдында ақталып сөйлегенде халық оны түсінер ма еді? Өкінішке орай, «баяғы жартас – бір жартас», сол «алақай!» мен «ләббай, тақсыр!» - дейді.

«Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың» саяси сарапшысы Айдос Сарым болса Астанада өткен съезде аз да болса жаңалық болды деген пікірде.

- Біріншіден, биліктің мынау, барлық әкімдерін, министрлерін «Нұр Отанға» кіргізгені өте дұрыс шара. Себебі, қазіргі Қазақстан қоғамында мынадай бір қызық жағдай бар да: билік – өзімен-өзі, ал министрлер мен әкімдер өзімен-өзі деп қарастырылады. Сондықтан бұл партияны президенттің өзі басқарғаны және министрлер мен әкімдердің «Нұр Отанға» мүше болғаны дұрыс қасиет, ертең елде экономикалық не саяси жағдай өзгеріп жататын болса, онда кінәлі тек бір партия, бір адам деп айтуға жағдай туады, - дейді А.Сарым.

Сонымен қатар Сарым «Нұр Отандықтар» қатарына билік басындағыларды тарту арқылы сайлау науқаны кезіндегі әкімшілік тетіктерге ие болу мақсаты бар деп санайды.

- Меніңше, «Нұр Отанның» қоғамдағы ықпалы өздері айтып отырған 80-90 пайыз аралығында жоқ. Оған дәлел - партияның тізіміне бүкіл ақын-жазушылар мен министрлерді, әкімдерді кіргізгені. Яғни, осы арқылы билік өз мүмкіндіктеріне күмәнданып жатқанын аңғартады. Және осы биліктің бар күшін салып «Нұр Отанға» қажетті дауысты алып бермекші. Ал әлеуметтік тұрғыдан Назарбаев айтарлықтай ешнәрсе айтқан жоқ, ол кәдімгі сайлау алдындағы әр партияның айтатын әңгімесі шығар: «жалақыны көтереміз, зейнетақыны көтереміз» деген сияқты. Сондықтан, әлеуметтік не экономикалық өзгерістер әкеледі деп ойламаймын, - дейді А.Сарым.

«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезінде президент Назарбаев әлеуметтік-экономикалық салада алдағы бес жылда зейнетақыны 2,5 есеге, бюджеттік қызметкерлер жалақысын екі есе көтеру жоспары туралы айтқан болатын. Бірақ, партияның сайлауалды бағдарламасы әзірге толығымен ешқандай басылымда жарияланған жоқ.