Баспасөзге шолу. 07.25.2007 жыл

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ
Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдар Алматы қаласында тұрғын үй құрылысы мәселелері ушыққаны туралы жазыпты. Сондай-ақ газеттер Қазақстандағы ақпараттық теңсіздік мәселелеріне де көңіл бөлген. Ал енді бір газет Шымкенттегі ВИЧ дертіне оқиғасына байланысты қайта зерттеулердің жүргізілу керектігіне тоқталған.
Электронды үкімет бағдарламасының орындалуының кешіктірілуі жайындағы мәселеге «Айқын» газеті мән беріпті. «Үстіміздегі жылы құрылған «Самғау» мемлекеттік холдингі мен Ақпараттандыру және байланыс агенттігі арасында көптен бері суасты иірімдеріндей, сырт көзден таса жүріп келген ішкі қырқыс кеше Үкімет деңгейіне дейін көтерілді. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деп қазақ атам осындайды көргенде айтқан шығар: міне бір айдан бері бұл екі мемлекеттік мекеме Электронды Үкімет атты «майлы жілікті» еш бөлісе алмай жатыр. Егер бұлай бара берсе, әлгі екеуінің Елбасы назарда ұстап отырған жобаны көкпарға тартқан тулақтай түте-түте қылуы ғажап емес. Бұл жерде әлгі екеуінің көкейін тескен нәрсе бірінші кезекте сол «көкпардың» қомақты жүлдесі, яғни бағдарламаға деп бөлінген 18 миллиард қаржы емес пе екен деген ойға қаласың. Қалай болғанда да, «Электронды үкіметті» жасақтау проблемасы біразға дейін өзектілігін жоймайтын түрі бар» деп жазды «Айқын» газеті.

Ал «Ашық әлем» жобасының негізінде Қазақстанды жаппай компьютерлендірудің күтіп тұрғанына «Литер» газеті мән беріпті. «Жақын уақытта компьютерлерге барлық қазақстандықтардың қолы жететін болады. Бұл «Ашық әлем» жобасының жүзеге асуына байланысты болмақ. Жоба аясында елде жеңілдік арқылы дербес компьютерлерді құрастыру қолға алынбақ. Осындай меморандумға осы айдың басында Ақпараттандыру және байланыс агенттігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» Акционерлік қоғамы, «Қазпочта», «Қазақтелеком», «Майкрософт Қазақстан» және тағы басқалар қол қойды. Осы жобаның жүзеге асуымен қазақстандықтар дербес компьютерлерді нарықтық бағадан төмен бағаға сатып ала алады» деп жазды «Литер» газеті.

Сондай-ақ, «Литер» газеті шешімін таппай келе жатқан «Алматыинвестқұрылыс» компаниясы мен 180 үлескер арасындағы дау-дамайға да тоқталыпты. «Алматыинвестқұрылыс» компаниясының үлескерлері осы жылдың аяғында Тәжібаев және Өтепов көшелерінің қиылысында орналасқан тұрғын үй кешеніндегі өз пәтерлеріне кіруі тиіс болатын. Алайда олар жоспарланған мерзімде пәтерлеріне кіре алмайтын түрі бар. Өйткені қарқынды құрылыс жүруі тиіс учаскедегі объектілер бүгінгі күнге дейін қиратылмай келеді. Бастамашыл топ мұны өздерінің президентке жазған үндеуінде көрсеткен. Үлескерлердің мәселесіне қалалық прокуратура мен қаржы полициясына құлақ түрсе, мүмкін олар мұндай қадамға бармас па еді. Құқық мекемелері «Алматыинвестқұрылыс» компаниясының директоры Сергей Дмитриенконың ісінен қылмыс таппаған» деп жазды «Литер» газеті.

Алматы маңында орналасқан Қарасу ауылындағы үйлерді қирату әрекетіне байланысты тұрғындардың аштық жариялағаны туралы «Время» газетінде баяндалыпты. «Кеше аштық басталды. Әзірше, оған 5 адам қатысқанымен, кейінірек өзгелері де қосылуды көздеп отыр. Естеріңізге сала кетейік, тұрғындарды оларда әкімшіліктің берген үй салу жөніндегі шешімінің болуына қарамастан шығарып жатыр. Аштық жариялаушылар өздерінің штабы ретінде ауылдағы үйлердің бірін таңдаған. Бөлмелердің қабырғаларына саяси партияларға арнап үндеулер ілінген. Олар ең болмағанда, сайлау алдында депутаттыққа кандидаттардың өздеріне көңіл бөліп, қалайда болғанда көмектесетіндеріне сенім артып отыр» делінген газетте.

Ал денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Шымкенттегі ВИЧ дерті оқиғасына байланысты тексеруді қайта қолға алу керек деген бастамасы жөніндегі мақала «Экспресс К» газетінде жарық көріпті. «Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Мереке Бутина мен оның әріптестерін оқиғаны тексеру кезіндегі бірқатар күмән тудыратын нәрселер алаңдатқан. Сотталған дәрігерлер өткен жылдың қазан айында жұмыстарынан аластатылғанымен, ВИЧ дертін жұқтырғандар қатары әлі де өсіп келеді. Әлгі күнге дейін дерттің жұғу жолдары анықталынған жоқ. Тек болжамдар ғана бар. Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсіріп, қажет болған жағдайда Жоғарғы сотқа баруды да көздеп отыр. Дәрігерлер іске қайта тексеру жүргізетіндігіне сенім артып отыр» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Ал шетелдік туристер үшін Қазақстандағы визалық жүйенің ыңғайсыздық тудырып отырғандығы жөніндегі мақала «Аргументы и факты Казахстан» газеті бетінде басылыпты. «ҚР СІМ-нің баспасөз қызметі министрліктің бірқатар Еуропа елдерімен визалық жүйені оңтайландыру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқандығын хабарлауда. Алайда ол істердің нәтижелері әлі білінбей келеді. Қазір бір ғана нәрсе белгілі, біздің туристерді де, шетелдік туристтерді де қиыншылықтар күтіп тұр. Егер Еуропада Шенгендік келісім болса, онда неге өзінің қонақжайлылығымен танылған Орталық Азия елдерінде осы күнге дейін шетелдік туристерге комфорт жасалмаған деген сұрақ өзінен өзі туады» деп жазды «Аргументы и факты Казахстан» газеті.