Азия Даму Банкі халықаралық құнды қағаздар нарығына Қазақстан теңгесімен бағаланған облигациялар шығарды

  • Досан БАЙМОЛДА
Жұма күні Алматыда қазақстандық және шетелдік журналистермен кездескен Азия Даму Банкінің қазына департаментінің қаржы бөлімінің бастығы Тобиас Хошка Азия Даму Банкі тарапынан халықаралық құнды қағаздар нарығына алғаш рет Қазақстанның ұлттық ақшасы теңгемен бағаланған облигациялар шығарылып отырғанын хабарлады. Жалпы құны 6 млрд теңге (48 миллион доллар шамасында) деп бағаланған құнды қағаздың айналымда болуы мерзімі 5 жылға деп жоспарланған.
Азия Даму Банкі өкілі Т.Хошка әлемдік құнды қағаздар нарығына шығарылып отырған осы облигацияларды сатудан түскен кіріс ақшаны АДБ бірінші кезекте Қазақстандағы банк саласы мен инфрақұрылым саласын қаржыландыруға жұмсағалы отырғанын айтты.

«Бүгінге дейін қазақстандық компаниялардың көбі шетелден қарыз алғанда қарыздың АҚШ долларымен болуын тәуір көріп келді. Алайда, соңғы уақытта АҚШ валютасы - доллардың тұрақсыз болуы қарыз алушы адамдарды көп ойландыратын болды. Сондықтан, соңғы айларда қазақстандық және кейбір шетелдік компаниялар қарыздың теңгемен болуын қалайтындығын байқауға болады», - дейді Т.Хошка.

Қазақстан, бас штаб пәтері Филиппин астанасы Манила қаласында орналасқан Азия даму Банкіне 1994-жылы мүше болғаннан бері осы банктен алған қарыз көлемі 708 миллион долларға жеткен. Жалпы саны 17 жоба бойынша алған бұл қарызды Қазақстан үкіметі ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, білім беру, көлік, байланыс салаларына жұмсап келді.

Алайда, Азия даму Банкінің Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Стивэн Бэрмерттің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан үкіметі осы салаларды өзі қаржыландыра алатын жағдайда болғандықтан АДБ енді елдегі жеке секторға көңіл бөліп, жеке компанияларға қарыз беру арқылы осы саланы қаржыландыруды қолға ала бастаған. Мысалы, 2006 жылдан бастап Азия Даму банкі Қазақстанның жеке секторының 5 түрлі жобасын қаржыландыруға 370 миллион АҚШ долларының қарызын берген.

АДБ-нің Қазақстандағы өкілдігінің аға маманы Әлия Мұқамедярованың айтуынша, Қазақстанның жеке секторына бөлінген бұл қарыздар негізінде банк саласы мен қаржы саласы және инфрақұрлым саласын қаржыландыруға жұмсалған. Ал Азия даму банкі таратқан баспасөз баянында 2006-шы жылы Қазақстанның екінші деңгейдегі екі банкі: «Тұран Әлем Банк» - 75 миллион АҚШ долларының, «Альянс Банк» 50 миллион АҚШ долларының қарызын алғандығын, ал 2007-ші жылы «Казкоммерцбанк» 100 миллион доллардың қарызын алғандығын хабарлапты.