АҚШ-қа сапарға бара алмайтын беларусь шенеунектерінің қатары өсе түсті

ВАШИНГТОН: АҚШ үкіметі елге келуге бөгет қойылған Беларуссия шенеунектерінің тізімін кеңейтті. Бұдан былай ол тізімге Беларуссия мемлекетінің бірінші басшылары ғана емес, ішкі істер министрлігі мен мемлекеттік қауіпсіздік комитеті – КГБ-нің жоғары лауазымды офицерлері мен жетекші мемлекеттік кәсіпорындардың басшылары және олардың жұбайлары да кіргізілді. Ресми Минск оған қарсы “лайықты шара” қабылдайтынын мәлімдеді. Осыған дейін АҚШ пен Еуропа Одағының “қара тізіміне”, Батыстың күдігі бойынша, Беларуссиядағы адам құқының бұзылуына қатысы бар 40-қа жуық шенеунек кіргізілген болатын.