АҚШ-та 8 федералдық прокурорды қызметінен алған Бас прокурордың өзі қызметінен кетеді

ВАШИНГТОН: Америка Құрама Штаттарының Бас прокуроры Альберто Гонзалес 17-нші қыркүйектен бастап қызметінен кететінін мәлімдеді. Журналистердің алдында жасаған қысқаша мәлімдемесінде Бас прокурор Әділет министрлігін басқару - өзі үшін “ең биік мәртебенің бірі” болғанын айтты. А.Гонзалестің қызметінен кетуіне дейін оған бірнеше ай бойы “саяси себептермен 8 федералдық прокурорды қызметінен босатты” деген айып тағылып келді. Ол айыпты Бас прокурор мойындамады. Оппозициядағы Демократиялық партия, сонымен қатар, А.Гонзалесті “терроризмге қарсы күрес заңын асыра пайдаланды” деп айыптады.