Кеден заңына жаңадан енгізілген өзгертулер шетелден тауар әкелуші кәсіпкерлердің ісін тығырыққа тіреді

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА
Қазақстанның шет елмен сауда саттық қатынасы бар кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлері бір айдан астам уақыт шет елден алып жүрген тауарларын Қазақстан кеденінен рәсімдеуден өткізе алмай қыруар шығын көріп отырғанын айтып отыр. Дүйсенбі күні Алматыда Қазақстанның кедендік декларанттары одағы мен бірқатар кәсіпкерлер одағы осы жағдайға байланысты президент атына хат жазып, араша түсуін өтінетінін мәлімдеді. Онда олар Қазақстанда кеден саласының жұмысын жеңілдетуге бағытталған заңның күшіне енуі, шет елмен сауда-саттық қатынасы бар қазақстандық кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің жұмысын тіпті қиындатып жіберуіне байланысты кедендік рәсімдеулерге қатысты заңнамадағы бірнеше бапты алып тастауын өтінген.
Үстіміздегі жылдың 21 тамызында «кедендік және салықтық процедураларды оңтайландыру бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді. Осы Заң бойынша елге импорт тауарларды тасымалдауда қолданыстағы құжаттар тізіміне қоса тауарды жіберуші елден жүк кеден декларациясын (экспортты декларация) рәсімдеу талап етілген. Алайда, қазақстандық кәсіпкерлер көптеген елдер мен тауар өндірушілердің барлығы дерлік экспорттық декларацияны бермеуі себепті өз тауарларын Қазақстан кеденінен рәсімдеуден өткізе алмай әуреге түсті. Мысалы, халықаралық пошта қызметін көрсететін DHL пошта қызметі арқылы қазақстандық кәсіпкерлер салмағы аз заттар мен өндіріске қажетті қосалқы бөлшектер алушы еді. Оларға халықаралық норма бойынша ешқандай да кедендік рәсімдеулер қажет емес болатын.

«Ал қолданысқа жаңадан енгізілген заң өзгерісі бойынша енді ондай рәсімдеулер қажет. Ол біздің тұтынушыларымыздың жұмысын қиындатып отыр. Европаның бірқатар елдері мен АҚШ-тың өзінде кедендік рәсімдеу электрондық әдіспен жүзеге асырылады. Оларды қағаз тасымалдаушы қолданылмайды. Ал қазақстандық кеденшілер жаңа заң бойынша экспорттаушы елден қағаз декларацияны талап етіп отыр. Екінші жағынан, кейбір елдер үшін, мысалы АҚШ үшін, экспорттық декларация мемлекеттік құпия деп саналады да, ондай декларацияны олар бермейді. Сонда қазақстандық кәсіпкерлер не істеуі керек? Жағдай осылай тығырықтан шықпайтын болса олардың экономикалық жағдайы күрт құлдырап, жалпы күйзеліске ұшырауы да мүмкін», - дейді DHL-дың кеден бөлімінің бастығы Олег Гноевых.

Қазақстан кәсіпкерлер Форумының атқарушы директоры Мунавара Палташева елдің кеден заңына енгізілген толықтырулар кәсіпкерлердің бәріне кері әсерін тигізіп отырғанын айтады.

«Бұл проблемамен Қазақстанның шет елмен сауда-саттық қатынасы бар барлық кәсіпкерлер ұшырасып отыр. Айта кетерлігі, кеден заңына енгізілген толықтырулар мен қосымшалар кедендік рәсімдеулерді жеңілдету үшін деп енгізілген болатын. Ал шын мәнінде барлығы керісінше боп шықты. Егер жағдай осылай қала берсе, Қазақстанда бизнеспен айналысу өте қиындап кетеді», - дейді Мунавара Палташева.

Осыған байланысты Қазақстанның кедендік декларанттары одағының президенті Нұрлан Бұршақбаев ел президентіне жүгініп, оған хат жолдағандарын айтты:

«Біз президенттен кедендік рәсімдеулерге байланысты Кеден заңының 383-бабын алып тастауын өтініп хат жолдап отырмыз. Өйткені, ондай норма халықаралық нормаларға, Дүниежүзілік Сауда Ұйымының және Дүниежүзілік Кеден Ұйымының талаптарына сәйкес емес, Киото конвенциясының талаптарына сай емес. Сондықтан, осы 383-баптың бесінші тармағын, яғни экспорттық декларация талабын алып тастауын сұрап жатырмыз».

Қазақстан кеден қызметінің баспасөз қызметі дәл қазіргі уақытта бұл мәселе тағы да парламент мәжілісінің күн тәртібіне қосымша қарастырылып отырғанын айта келіп, «түбі кеден заңына тағы да өзгерістер енгілетін шығар» деген ой айтады.