Human Rights Watch Қырғызстандағы журналист өлімі жан-жақты, әділ тексерілсін дейді

Халықаралық адам хұқтары ұйымы Қырғыз үкіметін тәуелсіз журналист Әлішер Саиповқа оқ атқандардың кімдер екені терең тексеріліп, тергелуіне шақырып отыр. 26 жасар Әлішерді 24 қазан күні Ош қаласында белгісіз біреулер атып өлтіріп кеткен болатын. Human Rights Watch-тың Европа және Орта Азия директоры Холли Картнер журналист Әлішер Саиповқа жасалған бұл қатігез қастандық оның кәсіби қызметі үшін кек қайтару болуы мүмкін деді. Ол Әлішерді Өзбек үкіметінің адам хұқтарын сақтамаған жайттарын әшкерелеген батыл журналист болған еді сипаттады.