Алматы облысындағы кәсіпорындардың бірінде қарауылдар бір-бірімен атысып, бес адам жараланған

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА
Алматы облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жексенбі күні Алматы маңайындағы Боралдай елді мекеніндегі шағын зауыт қарауылдарының арасындағы атыстан соң бес адам әртүрлі жарақат алып ауруханаларға жетізілсе, алты адам қамауға алыныпты. Полиция қазір осы төтенше оқиғаның себептерін анықтау мақсатында тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.
Алматы облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері Көбей Нұрахмет мырзаның айтуынша, алғашқы тергеу әрекеттері көрсеткендей, атыс Алматы маңындағы Боралдай жөндеу-механикалық зауытына таласқан екі тұлғаның арасындағы жанжалдан өрбіген көрінеді.

«Қазіргі кезде тергеу әрекеттері енді басталып отыр, дегенмен бізге белгілі болғандай, зауытқа таласқан екі тұлға - Межков пен Герасимовтың арасындағы даудың жалғасып келе жатқанына төрт жылдай уақыт бопты. Менің түсінгенім бойынша, Боралдай механикалық жөндеу зауытын қазір басқарып тұрған Герасимов, ал Межков болса, сот шешіміне сәйкес, сол зауытқа жаңа бастық боп келіп отыр. Міне сол екі бастықтың жұмысшылары, яғни қарауылдары атысып қалған. Атысты бірінші боп кімнің бастағаны әзірге белгісіз, дегенмен өзара атысқан қарауылдар арасында ешкім қаза болмаған. Оның себебі, олардағы қарулар тек газ пистолеті мен «Оса» тапаншалары ғана екен», - дейді Көбей Нұрахмет.

Төтенше оқиғаға қатысқан бес адам ауруханаға түсіп, алты адам Іле аудандық ішкі істер басқармасына жеткізіліпті.

«Әйтеуір, атысқа қатысқандардың арасында қаза болғандары жоқ, аздаған түрлі жарақат алғандары ауруханаларға жеткізілді. Оқиға орнынан полиция қызметкерлері он екінші калибрлі «Маверик» маркалы жарақат келтіретін помпалы қару алды, сосын екі «Оса» тапаншасы мен «Иж-79» газ пистолетін, барлығы бес қару-жарақ, гильзалар алынып отыр. Осыларға байланысты қазір тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Алматы облыстық ішкі істер басқармасының өкілі.

Көбей Нұрахмет мырза зауыт қарауылдарындағы тапаншалар заңды негізде, рұқсат етілген қарулар деп отыр. Сонымен қатар ол «Оса» тапаншасының жақыннан атылса адамды мерт қылатындай куаты барлығын айтты.

Болған оқиға жайлы түсініктеме алу мақсатында Боралдай механикалық жөндеу зауытымен байланысқанымызда ондағылар қандай да түсініктеме беруден жалтарды.