Адам құқығын қорғаушылар Қазақстан үкіметі берген уәдесін орындамай отыр деп сын айтты

Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжин 2007 жылы желтоқсан айында Мадридте Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық етуіне орай елдегі халықаралық талаптарға қайшы келетін адам құқығына қатысты заңдар өзгертіледі деген уәде берді. Ал, қаңтардың 18 күні Астанада өткен Қазақстан парламенті мәжілісі жанындағы қоғамдық палата отырысында «Адам құқығы үшін хартиясы» қорының директоры Жеміс Тұрмағамбетова сол уәде орындалмай жатыр деген мәлімдеме жасады. Әділет министрлігінің басшылығы болса бұл пікірмен келіспей отыр.
«Адам құқығы үшін хартиясы» қорының директоры Жеміс Тұрмағамбетованың айтуынша, адам құқығы саласындағы 4 азаттық заң жүзінде жүзеге асу керек.

«Қазақстан заңдарына енгізіліп жатқан өзгерістердің кесірінен артық қыламыз деп тыртық қылдық деген қағида орындалып жатыр. Мысалы қазір түрмелерде айыбын өтеп жатқандар түрме басшылығына наразылық білдіріп денелеріне жарақат салса, бұл әрекет заңмен қудаланады. Екіншіден, қазір есірткі сатқандарды өмір-бақи бас бостандығынан айыру ұсынылып жатыр. Үшіншіден, Ішкі істер министрлігі қылмыс ашуды жақсарту үшін «Адамның жеке басының құқығы» заңына өзгеріс енгізіп, телефон әңгімелерін тыңдауды заңдастырмақшы. Мұның барлығы халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді», - дейді заңгер Тұрмағамбетова.

Алайда ҚР Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов бұл пікірмен келіспей отыр. Қазақстан омдубсмені жанындағы адам құқығы орталығының директоры Вячеслав Калюжный болса кейбір заңдардың халықаралық талаптарға сай келе бермейтіндігін мойындады, бірақ, бұл өзгерістер болады дейді ол. Ал, «Еуропалық құқық институты» бейүкіметтік ұйымының жетекшісі заңгер Марат Башимов Қазақстан заңдары көп жағдайда халықаралық талаптарға қайшы келмегенімен іс жүзінде оны қолдануда қателіктер бар дейді. Ол құқық органдарына азаматтардың телефон әңгімелерін тыңдауға рұқсат етуге болады деген пікірде.

Ал, саясаткер Дос Көшім мұның аяғы жаман болуы мүмкін деп санайды.

Ереже бойынша енді Қазақстан парламенті мәжілісі жанындағы қоғамдық палата отырысында жасалған ескертулер парламентке беріледі.