Баспасөзге шолу. 02.20.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА
Сәрсенбі күнгі басылымдар кеше Астанада өткен Үкіметтің кезекті отырысында 11 қаңтар күні «Абай» шахтасындағы үлкен жарылыстың себеп-салдары талқыланғаны, қортындылар жасалғаны, ал Қазақстан қаржы полициясы елдің энергетика және минералды ресурстар министрлігі шенеуніктерінің үстінен жемқорлыққа байланысты қылмыстық іс ашқаны туралы жазыпты.
«Инкар.инфо» интернет-радиосы Ресей мамандарының «теңге күрт құлдырау алдында» деген болжамы туралы айтыпты.

«POSIT.KZ» сайты жоғарғы оқу орындары ассоциациясының президенті Рахман Алшановпен сұхбатын беріпті. Онда автор «Ұлттық бірыңғай тестілеу парақор-жемқорлардың құрбаны боп кетті» дей отырып, «Қазақстандағы білім беру сапасы мен шетелдік білім беру сапасы салыстыруға келмейді» деген қортынды жасапты.

«Zonakz» сайтында жарияланған Алматы студенттері мен әртүрлі жастар ұйымдары Қазақстан президентіне жазған үндеуінде «стипендияны 25 мың теңгеге дейін көтеру мүмкіндігін қарастыруды» сұрапты.

KAZTODAY.RU сайтында Андрей Шухов Куба басшысы Фидель Кастроның «сайлану мерзімін ұзарту, не конституцияға өзгеріс енгізу сияқты ешқандай да қитұрқылыққа бармай, билікпен бейбіт және өте әдемі қоштасуы өзгелерге үлгі аларлық жағдай екен» деп жазыпты.

«Айқын» газеті «Үкімет үнділердің үрейін алды» деген мақаласында «Үкімет бұған дейін қит етсе, «кетіп қаламын!» деп, әлде «еркелеп», әлде «қорқытып» келген жатжұрттық инвесторларға енді артық қолпаш жасамауға шындап бел буғанға ұқсайды. Министрлер Кабинетінің кеше өткен отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов үнді миллиардері Лакшми Митталмен арадағы контрактіні де қайта қарайтын кездің жеткендігі жөніндегі бір әңгіменің шетін шығарды» деп жазыпты.

«Время» басылымы «Ендір, не болмаса өзіңді «ендіреміз...» деген мақаласында «кеше төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко егер инвесторлар көмір өндіруде заманауи қауіпсіз технологияларды енгізбесе, олардың кен игеру лицензиясын кері қайтарып алынатынын қадап айтты» деп жазады. Мақалада автор «осы инвестор келгелі, үшінші рет адам өліміне соқтырған апат болды, шахталардағы қондырғылардың 70 пайызы тозығы жеткен» дей келіп, «Кәрім Мәсімов 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастып инвесторлардан қауіпсіздік техникасын сақтауды заңмен міндетті түрде талап ету туралы ұсыныс айтты» деп жазады.

«Айқын» газетінің осы орайдағы «Міндеттемелерін орындамаған инвесторлардың лицензиясын қайтып алудан мемлекеттің беделі өсе ме, әлде түсе ме?» деген көкейдегі сауалына жауап бергендер «бұл істе Қазақстан Үкіметі үстемдік танытса, онда халықтың билікке деген сенімі арта түседі», «Қоғам алдында беделін арттырып, еңсесін тіктеймін десе, Үкімет бұл мәселеде ұтымды шешім қабылдауы керек. Бұдан биліктің беделі өсе түседі» деп жауап беріпті.

«Время» газеті «Аты-жөні белгісіз жемқорлық» деген мақаласында «Қаржы полициясының сайтында, олардың Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктерінің үстінен «Қызмет бабындағы әрекетсіздік» деген бап бойынша қылмыстық іс ашқанын жариялапты» деп жазады. Сайттағы мақалада «шенеуніктер өз пайдасы үшін бір шетелдік компанияға жеңілдіктерге барып, соның салдарынан бюджетке салық түріндегі 40 миллиард теңгеден астам қаржы (шамамен 340 миллион доллар) түспей қалды» деп жазыпты. Газет осы оқиғаға байланысты «мұнша қаржының жымқырылғаны туралы ақпараттың дәл қазір шұғыл түрде жариялануы кімге керек болды? Осы ақпаратты жария етушілер соққыны кімге бағыштап отыр, Сауат Мыңбаевқа ма, Сарыбай Қалмырзаевқа ма? Жоқ әлде, одан да жоғарыдағыларға ма?» деген сауал қоя отырып, «жемқорлыққа қарсы күрес майданында түсініксіз жағдай орын алып отыр. Тура бір осы «қасиетті соғыс» майданындағылар үшін ең негізгісі жеңіс емес, сол «соғыстың барысымен рахаттану» сияқты» деген тұжырым жасапты.

«Аргументы и факты - Казахстан» апталығы «Шетелдік легион»: болжам мен қауіп» деген мақаласында «2015 жылдары Қазақстанға келетін шетелдік жұмыс күші 1,2 миллионға баруы мүмкін» екенін айытып, «сол кезде өз жұмыссыздарымыздың жағдайы не болмақ?» деп сұрапты.

«Айқын» болса «2015-те 20 миллионға жете алмаймыз-ау...» деген мақаласында елдегі демографиялық ахуалға тоқтап, Қазақстандағы үлкен деген қалалардан тек Алматыда ғана қазақтардың үлес пайызы 51 пайыз екендігі, ал басқа қалаларда олар азшылықта» екендігі туралы жазыпты.

«Литер» газеті «Қазақстанда баласына қол көтерген әкені 7 күнге соттау оқиғасы алғаш рет болды» дей отырып, «Павлодардағы осы оқиға әдетке айналса, біз жаңа Павлик Морозовтарды тудырмас па екенбіз?» деген сауал қойыпты. Оған жауап бергендер «Қазақстан бала құқықтары жөніндегі конвенцияға қол қойған екен, соны сақтау керек» депті.

«Экспресс К» газеті 23 елден 40 сәйгүлік қатысатын супераламан бәйгі өткізу мәселесі қарастырылып жатқанын айтыпты. Бәйгешілер жер шарын екі жылға жуық уақытта айналып өтпек көрінеді. Сонымен қатар осы газет «Чернобыль апатына қатысқандарға Алматыдағы «Целинный» кинотеатры маңындағы саябақта ескерткіш орнатылады» деп жазыпты.