ЕРЕВАН: 19-ыншы ақпандағы президент сайлауында жеңіске жеткен Армения премьер-министрі С.Саркисян жаңа коалициялық үкіметті жасақтау үшін оппозициямен келіссөзге отыруға әзірмін деп мәлімдеді. Оппозицияның үміткері Левон Тер-Петросянның үзеңгілестері “сайлаудың қорытындысын бұрмалады” деп ресми билікті айыптап, оны мойындамай, Ереванда наразылық ереуілін жалғастырып жатыр. Қазіргі президент Р.Кочерян саяси ахуал ушығатын болса, оппозицияға қарсы күш қолданатынын ескертті. Оған дейін “мемлекеттік телерадиокомпанияны басып алмақ болды” деген күдікпен оппозицияның бірнеше өкілі тұтқындалған болатын.