Қазақстан шикі мұнай экспортына баж алымын енгізді

Қазақстанда шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің экспортына кедендік баж алымы енгізілді. Бұл туралы Астанада сәуірдің 8-күні үкімет отырысында хабарланды. Бірақ, қазақстандық сарапшылар баж алымы бәріне бірдей салынбайды және Қазақстандағы баж алымының көлемі көршілес Ресейдікінен 2 есе кем, дейді. Үкімет мүшелері болса әділеттілікті орнатамыз деп сендіреді.
Сейсенбі күні Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов елде шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің экспортына кедендік баж алымын енгізу туралы үкімет қаулысына қол қойылғанын хабарлады. Қаулы енді 30 күннен кейін күшіне енеді.

Мұнай компаниялары бұған дейін жасалған өнім бөлісі жөніндегі келісімге сәйкес салық өзгермеу керек дегенді айтып, бұл ұсынысқа қарсылық білдірген болатын. Жергілікті үкімет мүшелерінің түсіндіруінше, баж алымын тек келісімдерде салық тұрақтылығының кепілдігі ескерілмеген компаниялар төлейді. Бірақ, алымнан босатылатын компаниялар тізімі қазір анықталып жатыр. Құнды қағаздары арзандап бірнеше миллиард доллар жоғалттық дегенді алға тартқан «Қазмұнайгаз барлау және өндіру» компаниясы өзін баж алымынан босатуды сұраған. Парламент депутаттары болса баж алымы неге барлық компанияларға бірдей салынбайды деген наразылықтарын білдірген еді.

Елдің энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, енді баж алымы «Қазмұнайгаз» компаниясына да салынады, бірақ шетелдік «Теңізшевройл» компаниясы алымнан босатылады.

- Алайда төлем жасайтын компаниялар тізімін ұлғайтып көреміз, - дейді министр Мыңбаев.

Қаржы министрі Болат Жәмішевтің есебінше, әзірге, яғни жаңа салық кодексі дайындалғанша, баж алымы елдегі мұнай өндіретін компаниялардың 30 пайызынан артығына ғана салынады.

- Бұл көрсеткіш компаниялардың жартысынан кем, - дейді ол.

Ресми мәлімет бойынша, шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің экспортына салынатын кеден баж алымы әр тоннаға 109,9 доллар көлемінде болмақ. Бұл көрсеткіш 2008 жылдың бірінші тоқсанында қалыптасқан мұнай тоннасының әлемдік құны 714 доллар болады деген болжаммен есептелген. Қаулыға сәйкес, баж алымы бәріне бірдей салынбайды, мысалы, рента салығын төлейтін компаниялар мұнай тоннасына 27 доллар төлейді.

Қаулыға сәйкес, баж алымы тек мұнайға ғана емес, сол мұнайдан шығатын кокс пен битумға да салынады. Бірақ, оның көрсеткіштері кемдеу - тоннасына 82 доллар.

Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, мұнайдың әлемдік бағасы төмендесе экспорттық кеден баж алымы да кемиді, ал өссе бірге өседі.

Баж алымының пайызы Ресейдегідей есептелген. Бірақ, сыншылар Ресейдегі баж алымының көлемі Қазақстаннан 2 есе артық деп отыр. Сауда және индустрия министрі Владимир Школьник Ресейде мұнай өндірген оңайырақ екенін айтады.

- Біз Ресей мен Қазақстандағы мұнай өндіруге кететін шығынды ескеруіміз шарт, - дейді ол.

Бірақ, министр Мыңбаев мойындағандай, баж алымы енгізілген соң мұнай компаниялары инвестициялық бағдарламаларын 2-3 есеге дейін төмендетіп жіберуі мүмкін. Сауда және индустрия министрі Владимир Школьник бұл шара инвестициялық ахуалға әсер етпейді деп санайды. Себебі Қазақстан бәрін заң және контрактілер жүзінде жасады дейді ол. Қаржы министрі Болат Жәмішев те инвестиция азаймайды деген пікірді ұстанады.

- Себебі, өзге елдерде мұнай компанияларына салынатын салық Қазақстаннан жоғары, - дейді ол.

Ресми мәлімет бойынша, қазір Қазақстан экспортының 65-70 пайызын шикі мұнай құрайды. Бірақ, энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев мұнай компаниялары экспортын азайтып мұнайды елдің ішінде сатуы ықтимал деген болжам жасайды. Себебі, баж алымы енгізілген соң, ішкі базардағы бағалар сол төлем көлемінен төмен болады, дейді ол.