Жылға жетпейтін уақытта кеден саласында жемқорлыққа қатысты 100-ден аса қылмыстық іс тіркелген

2007 жылдың шілде айынан бастап осы уақытқа дейін Қазақстандағы кеден органдарындағы қызметкерлер мен басшыларға қарсы жемқорлыққа байланысты 113 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Астанада сәуірдің 11 күні кеден комитеті хабарлады.
Қайсібір кәсіпкерлер болса кеденшілер шекарадағы өзге де органдармен байланыс жасап жемқорлық жасайды деп шағымданған. Бұл деректерді кеден комитеті мойындап жемқорлыққа кеденшілерден басқа да органдар қатысады, дейді.

Қазақстанның кәсіпкерлер қауымдастығы форумы болса жергілікті кәсіпкерлер жыл сайын 164 миллион долларды кедендегі параға жұмсайды деген болатын.

Қаржы министрлігінің кеден комитеті ішкі қауіпсіздік басқармасының маманы Данияр Оспановтың айтуынша, 2007 жылдың шілде айында кеден комитеті саладағы жемқорлықты анықтау үшін ұлттық қауіпсіздік комитеті, қаржы полициясы, прокуратура және полициядан қызметкерлерді тартқан. Біріккен жұмыстың нәтижесінде жемқорлыққа неғұрлым көп бой беретін 8 сала іріктелді, дейді ол. Олар: сыртқы экономикалық жұмысқа қатысушыларды тіркеу, алдын-ала операциялар, кеден рәсімдері, лицензиялау, кеден аудиті, құқық бұзушылықпен күрес, кадр саясаты және мемлекеттік сатып алу саласы.

«2007 жылдың шілде айынан бастап осы уақытқа дейін кеден органдарындағы лауазым иелеріне қарсы қозғалған жемқорлыққа қатысты 113 қылмыстық істің ішінде 90 қылмыстық іс кеден комитетінің өз күшімен қозғалды», - дейді комитеттің бас маманы Данияр Оспанов.

Жемқорлыққа жатқызылған істердің ішінде қызметіне деген немқұрайлылық, экономикалық контрабанда, қызмет бабын пайдалану, құжат ауыстыру, пара алу жиі кездеседі деп хабарланды. Ал, Қазақстанның кәсіпкерлер қауымдастығы форумының мәліметінше, кәсіпкерлер жыл сайын 164 миллион долларды кеден бекеттеріндегі ресми емес төлемге жұмсайды екен.

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданы мен Алматы облысының шекарасында орналасқан «Қорғас» кеден бекетінде зерттеу нәтижесі осындай болды, дейді кәсіпкерлер. Қытайдан жиһаз бен сантехника таситын «Азамат трэвэл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейізгүл Әбдіқажымова кеденшілер және басқа да органдар жүкті өткізбей уақытты әдейі созып жібереді дейді.

Қаржы министрлігінің кеден комитетінің баспасөз хатшысы Ержан Байтананың айтуынша, кеденшілерден басқа да органдар пара алғысы келеді.

Қырғызстаннан көкөніс таситын Қазақстанның базарлар қауымдастығының атқарушы директоры Жібек Әжібаева «егерде жемқорлық жүйеге бағынбасаң, онда жолдағы тонаушыларға құрбан боласың» дейді. Кеден комитетінің бас маманы Данияр Оспанов бұл криминалды делдалдарды ортадан шығару үшін жұмысы жүргізіліп жатқанын алға тартады.

Биыл сәуір айында «Қордай» кеден бекетінің бұрынғы бастығы қызмет бабын пайдаланып контрабандалық жүкті Қазақстанға енгізуге септігін тигізіп жүр деген күдікпен тұтқындалды, дейді ол. Және 2007 жылы кеден комитетіндегі орталық аппараттағы мемлекеттік құпияны сақтау жөніндегі бөлім бастығы пара алды деген күдікпен тұтқындалып сотталды.

Бірақ, 2008 жылы жемқорлықпен күресуге жауапты адамдардың өздері пара алды деп күдікке түскен, деп хабарланады. Осылайша Қарағанды облысының кеден департаментінің ішкі қауіпсіздік бастығы тұтқындалды.