Баспасөзге шолу. 05.07.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА
Сәрсенбі күнгі басылымдар басты назарын «7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне» аударыпты. Сонымен қатар екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 63 жыл толуына орай топтамалар басыпты. Бірқатар басылымдар «Рахатгейт» тақырыбын жалғастырыпты, сонымен бірге «Қазақтан темір жолының» бұрынғы басшысы Жақсыбек Құлекеевтың үстінен мамырдың аяғында сот ісі басталуы мүмкін екенін жазыпты.
«Егемен Қазақстан» газетінен бастап барлық дерлік басылымдар: «Бұдан 16 жыл бұрын, 1992 жылғы 7 мамырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. 7 мамыр - Отан қорғаушы күні» деп бастап, осы тақырыптағы топтамаларын беріпті. Сонымен қатар бүгінгі бірқатар басылымдарда Екінші Дүние жүзілік соғыстың аяқталуының 63 жылдығына да арналған топтамалар басыпты.

Осыған орай «Айқын» газетінде саясаттанушы Әзімбай Ғали «Отан қорғаушылар мерекесінің мемлекеттік мәртебесі жоқ» деген мақалада: «Ұлы Отан соғысы және Жеңіс күні деген ескірген ұғым. Бізден басқа егеменді посткеңестік елдерде оны «ІІ дүниежүзілік соғыс күні» деп атайды. Біз үшін Ұлы Отан соғысы – қазақ-жоңғар соғысы тәрізді. КСРО біздің отанымыз болған жоқ, керісінше оның отары болдық. Егер де біз өзіміздің егемендігімізді қастерлесек, онда біз үшін 9 мамыр Ұлы Отан соғысының жеңіс күні болмауы керек. Екіншіден, Ресей Ұлы Отан соғысы тақырыбын бұл мейрамда өзінің саяси технологиялық әрекеттеріне тиімді пайдаланып отыр. Бұл мейрамды орыстар Ресей халықтарын, одан кейін ТМД-дағы көнбіс орыстарды, сондай-ақ кейбір аңқау қазақтарды жұмылдыруға пайдаланып отыр. Яғни, Ресейге икемдендіру тұрғысында бұл ретте шара қолданылады. Сондықтан менің ойымша, бұл мейрамда үлкен нәрселерден сақ болуымыз керек. Біз үшін Отан қорғаушылар күні – 7 мамыр. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе беруі керек» деген ой айтыпты.

Сондай-ақ осы газет «Жетпегенi осы едi...» айдарымен «Астанадағы әскер бөлімшелерінің бірінде бірден 67 жауынгер 4 мамыр күні астан уланып қалғаны» туралы жаза отырып, «Осы ғой енді...» айдарымен, Қазақстанда ауыл әкімдерінің арасында жоғарғы білімі жоқ жеті әкім барлығы анықталғаны туралы айтып, «бұлар қалайша әкім болды екен?» деп сұрапты. Сонымен бірге осы газеттің Ұлттық Банктің Үйлестіру департаментінің директоры Ерұлан Жамаубаевпен болған ауқымды сұхбатында маман: «Отандық банк секторына жаңа ойыншылардың келуі ешқандай кедергі келтірмейді» деген ой айтыпты.

«Аргументы и факты Казахстан» апталығы «Қазақстанда жұмыссыздық бар, бірақ жұмыс қолдары тапшы» деп жазып, «Ядролық полигон жабылғанымен проблемалар қалды» деген мақаласында осы мәселеге арналған ауқымды топтама беріпті.

«Время» газеті «Айыптау диагнозы» деген бас мақаласында «пара алды» деген айыппен қамауға алынған «Қазақстан темір жолының» бұрынғы басшысы Жақсыбек Құлекеевтің адвокаты Сәлімжан Мусин: «Құлекеевтің сот ісі осы айдың аяғанда Астананың Сарыарқа аудандық №2 сотына берілмекші. Оған қарсы «қызмет бабын асыра пайдаланған» деген тағы да қосымша айып тағылып отыр. Айыптау қортындысына қарасақ ол ҚТЖ-дарына 5 миллион 500 мың теңге шығын келтіріпті. Бірақ мен Құлекеевтың бұларға қатысы жоқ екеніне сенімдімін. Менің болжамым бойынша, ол абақтыда құрт ауруын жұқтырып алған» деп мәлімдепті. Осы газеттің «Әкімқұлов ұрланған банкирлердің қайда екенін білетінін меңзеді» деген мақаласында, кезінде «Нұрбанк» ісіне қатысты бір жарым жылға сотталып, жақында ғана түрмеден мезгілінен бұрын босатылған Алматы қалалық ішкі істер департамент басшысының орынбасары Нұрлан Самалихов, абақтыда жатқанда сонда «Рахатгейт» ісіне байланысты сотталған Құрман Әкімқұловты көріп, одан «Нұрбанктың» жоғалып кеткен бұрынғы басшылары «Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов қайда?» деп сұрағанда, Әкімқұлов: «Рахаттың адамдарынан өзімнің өмірім үшін қорқамын» десе де, «Нұрбанктың» жоғалып кеткен бұрынғы басшыларын «Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев және Вадим Кошляк алып кеткен» деп, банкирлердің қайда екенін білетінін меңзеді деп айтыпты» деп жазады. Сонымен қатар осы газет «Әлиев және Мұсаев бұдан былай генерал емес» деген мақаласында, Интерфакс агенттігіне сілтемелеп, «Рахатгейт» ісіне байланысты «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды, адам ұрлаған т.б. айыптармен ұзақ мерзімдерге сотталып, қазір шетелде бас сауғалап жүрген президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаев және осы іске қатысты бірнеше адамдардың генерал атақтары мен орден, медальдарынан, елші мәртебесінен айыру туралы сот өтінішін президент қабыл қылды» деп жазыпты.