Дариға Назарбаеваны «Қазақгейт» неге қызықтырды?

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
Мамырдың 12-сі күні АҚШ-тың «Уолл стрит жорнэл» басылымында «Қазақ президентінің қызы АҚШ-тағы жемқорлық оқиғасын тергеу ісіне тыңшылық жасаған» деген мақала жарық көрді. Мақалада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева кезінде өзінің әкесіне 84 млн. АҚШ доллары көлемінде пара берді деген күдікпен қазірде АҚШ сотында ісі қаралып жатқан американдық бизнесмен Джеймс Гиффеннің ісінің тергелуі туралы ақпараттар алуға талпынғандығы, АҚШ-тың барлау-тергеу қызметінің бұрынғы басшыларымен кездескендігі сөз болыпты. Жоғарыдағы істің тергелуі жайлы ақпараттарды Дариға Назарбаева қандай мақсатқа пайдалануы мүмкін? Бұл сауалдарға қазақстандық сарапшылар түрлі болжам айтып отыр.
«Уолл стрит джорнэл» басылымы Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева World Media Corp. компаниясы арқылы АҚШ-тың Ақ үй мен Мемлекеттік департаментіндегі, Әділет министрлігі мен федералдық барлау қызметіндегі байланыс мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Қазақстанның энергоресурстарын игеруге мүмкіндік алу үшін 84 миллион АҚШ доллары көлемінде осы елдің президентіне пара берді деп күдіктелетін Джеймс Гиффен ісінің тергелуі туралы ақпараттар жинауға ұмтылған деп жазады. Дариға Назарбаеваның қадамын басылым жалпы Қазақстан жетекшілерінің бұл іске айтарлықтай алаңдап отырғанын көрсетеді деп сипаттайды. Сондай-ақ, мақалада Дариға Назарбаеваның осы аталған істі тергеу тобының құрамында болған АҚШ-тың барлау және тергеу қызметінің бұрынғы басшылары Джеймс Вулси, Уильям Уэбстер және Уильям Сешенздермен кездескендігі айтылған.

Өз кезегінде бұл аттары аталған мырзалар да Дариға Назарбаевамен бір мерекелік шарада бірге болғандарын жоққа шығармаған.

Дариға Назарбаеваның жоғарыдағы істің тергелуі туралы ақпараттар жинауының астарында не жатыр? Бұл сауалдарға пікір білдірген қазақстандық сарапшылар түрлі болжам айтып отыр. Солардың бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың жетекшісі, сарапшы Айдос Сарым:

«Біріншіден, Дариға Назарбаева президенттің қызы болса, екіншіден, президенттің қорын басқарып отырған лауазымды тұлға. Қай жағынан алып қарағанда, ол Қазақстан қоғамында «Қазақгейт» аталып кеткен істің өршуіне, қоғамда жария болуына қарсы. Өйткені, Дариға Назарбаеваны алдағы уақытта Қазақстан саясатына қайтып оралатын тұлға ретінде қарастыруға болады. Ол әкесі Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткеннен кейін де саясатта қалып, билікке араласқысы, мүмкіндігі болса бірінші адам болғысы келеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақгейт» ісі дамитын болса ол оның болашағына, саяси мүдделеріне қайшы келетіні анық. Сондықтан өзінше белгілі бір шараларды істеп жатқаны түсінікті. Бірақ оның ол әрекетінің қаншалықты заңды екені белгісіз», - дейді.

Өзге саясаткерлер де бұл жерде Қазақстан президенті қызының жеке бас мүддесі жатуы мүмкін деген пікірде.

«Біріншіден, егер оның әкесіне деген ниеті түзу болса сол «Қазақгейт» ісінен әкесін арашалап алу деп түсінуге болады. Екіншіден, президент жанұясы арасында түрлі текетірестің жүріп жатқанын ескерсек, Дариға Назарбаева құпия ақпараттарды әкесіне қарсы күреске пайдалануы да мүмкін. Егер Дариға бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевтің жағдайына байланысты ішіне бүгіп қалғандары болса онда ол әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы өз саясатын жүргізуі әбден мүмкін. Өйткені Рахат Әлиев билікке таласып жүрген адам. Менің пікірімше, егер олардың арасында осындай келісім болған болса Дариға одан бас тартпас еді», - дейді саясаткер Жасарал Қуанышәлі.

Саясаткер Серікбай Әлібаев:

«Дариға Назарбаеваның АҚШ-тағы іс бойынша әрекетінің мақсаты туралы кесімді пікір айту қиын. Себебі, ол іс көптен қозғалмай жатыр. Президент кезінде ол Американың өзінің мәселесі біздің қатысымыз жоқ деген болатын. Бірақ Рахат Әлиев осы істің тергеуіне көмектеседі деген ақпарат та шықты. Сондықтан Дариға қолынан келсе бұл істі ушықтырмай оның жеңіл бітуіне жұмыс істер еді. Рахат Әлиевтің қолында бірқатар бағдарламалары бар. Енді қазір Дариға Назарбаеваның қай жағына жақын екені белгісіз. Рахат Әлиевпен ажырасса да ары қарай алдына қандай мақсат қойып отырғанын бір құдай біледі. Олардың бір мақсатқа жұмыс істеуі де мүмкін. Қалай болғанда, көтеріліп отырған мәселе әкесіне де жеңіл емес», - дейді.