Аштық жариялаған тұрғындар наразылық акциясын уақытша тоқтатты

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА
Алматыдағы Әл-Фараби – Гагарин – Қожабеков – Розыбакиев көшелерінің аумағындағы үйлерінің бұзылуына наразылық ретінде он күннен астам уақыт аштық жариялап жатқан тұрғындар уақытша аштық акциясын тоқтататынын мәлімдеді. Екі топтан тұрған аштық жариялаушылардың біразы үйлерінің бұзылуына қарсы болса, қалғандары бұзылатын үйлеріне төленетін төлемақы мөлшеріне келіспеген болатын.
Аштық жариялаушылардың екі тобы да аштық акциясын уақытша тоқтатыпты. Әл-Фараби – Гагарин – Қожабеков – Розыбакиев көшелерінің аумағындағы тұрғындардың аштық жариялаған он екі адамнан тұрған бірінші тобы үйлерінің бұзылуына қарсы болған-ды. Қалалық әкішілік сот арқылы оларды үйлерінен мәжбүрлеп шығару туралы шешім де шығарып, оған көнбегендерді сотқа тартқан еді.

Аштық жариялаған бірінші топ ақыры өз дегендеріне жетіп, үйлерін бұздырмайтын болды.

«Оған қоса олар сотқа тартылғандардың істерін де жаптырған, бірақ біз аштық акциясын толық тоқтаттық демейміз, уақытша тоқтаттық. Себебі, біздің қатарымыздағы сотқа тартылған тоғыз адамның бесеуінің ісі кері қайтарылды да, төртеуін әлі соттап жатыр. «Алматыжер» мемлекеттік қазыналық кәсіпорын өкілдері біздің үйлердің бұзылуға жатпайтындығы туралы жаңа шешім қабылдағанын айтты. Олардың сөзі қаншалықты шындыққа жататынын алдағы уақытта көрерміз. Ал бізді ертең қала әкімінің орынбасары кездесуге шақырып жатыр. Сонда біз сот мәселесін үш күннің ішінде шешулерін талап етеміз. Егер үш күннің ішінде сотқа тартылған төрт адамның ісін кері қайтарып алмаса, біз аштық акциясын шілденің бірінен бастап қайта жалғастырамыз», - дейді аштық акциясын ұйымдастырушылардың бірі Сергей Дмитриев.

Ал маусымның 10-нан бастап аштық жариялаған тағы бір топ, үйлерінің бұзылуына қарсы емес, бірақ бұзылуға жататын үйлеріне төленетін төлемақы мөлшеріне не ұсынылған басқа пәтерлерге көңілдері толмаған еді. Енді олар да аштық акциясын уақытша тоқтатқалы отыр.

«Біз аштық акциясын уақытша тоқтата тұрамыз деп шештік. Себебі, өткен демалыс күндері біз осы аумаққа құрылыс салмақшы болған “СитиСервисИнвестСтрой” құрылыс компания өкілдерімен өзара ымыраға келіп, екі жаққа да тиімді келісімге қол жеткізгендей болдық. Олардың ұсыныстары да біздерді қанағаттандырып тұр. Сондықтан, осы келісімді заң жүзінде толық құжаттандырғанша біз аштық акциясын тоқтата тұрамыз. Құжаттарды толтыруға шамамен бір аптадай уақыт кетер деп ойлаймыз. Содан соң көреміз қаншалықты дәрежеде құрылыс компаниясы өз сөздерінде тұратынын», - дейді, аштық жариялағандардың бірі Ирина Ким.

Аштық жариялағандардың бірі үш бөлмелі үйіне құрылыс компаниясының ұсынған 185 мың АҚШ долларын азсынып, «менің үйімді тәуелсіз сарапшылар 295 мың доллар деп бағалаған» деп мәлімдеп, сонша қаржы талап еткен еді. Енді соңғы келісім бойынша аштық жариялаушылар қандай мөлшердегі өтемақыға келіскенін әзірге айтпағанымен, ол сома «екі жақты да қанағаттандырады» деп отыр.

Ал осы аумаққа құрылыс салмақшы “СитиСервисИнвестСтрой” құрылыс компаниясының атқарушы директоры Талғат Даденов жергілікті баспасөзге берген сұхбатында «аумақтағы тұрғындардың құқықтары толық сақталатынын, бұзылмайды деп табылған үйлердің ешқайсысының электр, газ, су жүйелерінен ажыратылмайтынын» айтып сендіруде.