Пәкістанның солтүстік-батысындағы Талибан жауынгерлері АҚШ тыңшысы деп күдіктелген екі Ауған азаматын халық алдында өлтірді. Бүгін Ауғанстанмен шекарадағы Бажаур аймағында жиналған мыңдаған адамның алдында тәліптер әлгі екі кісінің басын кесіп тастады. Өлтірілген азаматтар АҚШ күштеріне ақпарат берді деп айыпталды. Ол мәліметтер мамыр айында 18 адамның өмірін қиған Бажаурдағы шабуылға көмектесті делінді. Әлгі кісілер өлтірілген соң, атыстар естілген екен. Бірақ ол атыстың неліктен болғандығы белгісіз. Екі адам құрбан болып, бірнеше кісі жараланды деп хабарланып отыр.