Қазақстан: Қызыл балыққа монополия ма, мораторий ма?

Каспийдің көп байлығының бірі - қызыл балықтың тұқымдары мүлде жойылуға жақын тұр

Таяу болашақта Қазақстан қызыл балық пен уылдырықты сатуға мемлекеттік монополия орнатпақшы. Алайда, кейбір тәуелсіз экологтар қызыл балық түрлерін аулауға монополия орнатумен қатар, мораторий жариялау керек деп мәлімдейді.

Маусым айының соңында Қазақстан парламентінің мәжілісі бекіре немесе қызыл балық түрлері мен қара уылдырықты сатып алуға, өңдеуге және экспорттауға мемлекеттік монополия орнату мәселесі қарастырылған республиканың балық шаруашылығы бойынша “...кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын бірінші оқылымында мақұлдады.
Жоба бойынша Қазақстан қызыл балық пен қара уылдырықты экспортқа шығару мен оны елдің ішінде сатуға деген талаптарын қатаңдатпақшы.

Ауылшаруашылық министрлігінің балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Қанат Сүлейменов Азаттыққа телефон арқылы түсіндіргеніндей, мемлекеттік монополия - қызыл балық тұқымдарын сақтап қалу мақсатында енгізілмек. Оған Қ.Сүлейменов жыл сайын ауланатын балықтың көлемі 5 есеге дерлік азайғанын мысалға келтірді:
“Қызыл балықтың (Каспийдегі) саны сиреп барады. Бұрын жылыны 1 тоннадан артық аулаған болсақ, енді 200 тоннаға жететін балықты әрең аулап жатырмыз. Бірақ мұндай жағдай жалғыз Қазақстанда емес, бүкіл Каспий жағалауындағы мемлекеттерде байқалады”.

Оған қоса, қызыл балық түрлерін өсіретін жалғыз зауытқа да, осы саладағы ғылыми зерттеулерге де республикалық бюджеттен қаржы бөлініп келеді:
“Біріншіден, балық шабақтарын өсіретін зауытқа, екіншіден – құнды балық тұқымдарын, оның ішінде қызыл балық түрлерін қорғауға, үшіншіден – балық шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулерге мемлекеттің қаражаты жұмсалып жатыр”.

Соңғы уақытта бекіре тұқымына жататын кейбір балықтың, атап айтқанда алабұға балығының мүлде жойылуға жақындағанын Азаттыққа телефон арқылы берген сұхбатында белгілі эколог, “Табиғат” қозғалысының жетекшісі М.Елеусізов растады. Жалпы қызыл балық пен қара уылдырық шаруашылығына мемлекеттік монополияның орнатылуын М.Елеусізов негізінен қолдайды.

Бірақ оның өз көзқарасы бойынша, бекіре балық шаруашылығына монополия орнату емес, балықты аулауға мүлде мораторий жариялау керек:
“Шынымды айтсам, мен монополия орнатудан бұрын, мораторий жариялайтын едім. Қазір бекіре балықтың жағдайы қиын...”

Өз кезегінде Қ.Сүлейменов тәуелсіз экологтың ондай пікірімен келіседі. Бірақ қызыл балық түрлерін аулауға жалғыз Қазақстан емес, Каспий теңізі жағалауындағы барлық 5 мемлекет бірдей мораторий жариялағанда ғана күткендегідей нәтиже болады:
“...дұрыс! Мораторий жариялағанда оны жан-жақты ойластыру керек. Мысалға, жалғыз бір мемлекет мораторий жарияласа, ол көп нәтиже бермейді. Ол үшін 5 мемлекет – Иран, Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Ресей – барлығы бірдей жарияласа, ол бір басқа. Бірақ оның алдында мемлекетаралық келісім болу керек. 5 мемлекетте бірауыздылық болуы керек”.



Балықтың осы құнды түрін қорғау мен көбейту мәселесінде барлық ауыртпалық мемлекетке түссе де, барлық пайданы жеке тұлғалар көріп келеді. Қ.Сүлейменовтің мәлімдеуінше, “мемлекеттік монополия бекіре балығының уылдырығын мемлекеттің қадағалауына қарайтын кәсіпорында өңдеуге мүмкіндік береді де, қылмыстық жолмен өндірілген қара уылдырықты сатуға ешкімнің құқы болмайды”.

Алайда, балық шаруашылығы комитеті төрағасының мұндай үзілді-кесілді сөзіне күмән келтіретін жайт аз емес. Мысалға, өткен жылы Қазақстанның ішкі істер министрлігі 185 қылмыстық қозғады, оның ішінде Касийдің Қазақстан аумағында заңсыз балық аулағаны үшін - 48, қызыл балық өнімдерін заңсыз сатып алу мен заңсыз сатқаны үшін - 137 қылмыстық іс қозғалған; заңсыз айналымнан 85 т. балық, оның ішінде қызыл балық тұқымдарының 21,2 т., 65 кг. қара уылдырық, 2 мыңнан астам балық аулайтын ау мен 40 түрлі қайық тәркіленген. Оған қоса 1,2 млн. теңге әкімшілік айыппұл салынған.



Айта кету керек: қызыл балық пен оның уылдырығын өндіру және өңдеумен, экспортқа шығару және елдің ішінде сатумен айналысатын жалғыз кәсіпорын болып табылатын “Атыраубалық” акционерлік қоғамын мемлекеттің меншігіне сатып алу мәселесі әлі толық шешілмеген. Ресми баға бойынша, “Атыраубалық” 6.3 млрд. теңге немесе 52 млн. доллар тұратын көрінеді. Бірақ оны тиімсіз кәсіпорын деп есептейтін үкімет
“Атыраубалықтың” бағасын “тым көтеріңкі” деп сатып алуға әзір емес.

Республиканың балық шаруашылығы комитеті қызыл балық түрлерін өсіретін балама зауыт салу мүмкіндігін де ойластырып жатыр. Комитеттің төрағасы Қ.Сүлейменов хабарлағандай, “бірнеше жол, оның ішінде жаңа зауыт салумен қатар, “Атыраубалық” компаниясын жалға алу немесе кәсіпорынды толығымен мемлекет меншігіне сатып алу жолы да бар”.

Маусым айының соңында ресейлік “Независимая газета” басылымына берген сұхбатында Қ.Сүлейменов “таяу күндері ең тиімді жолы таңдап алынады” деп мәлімдеген болатын. Алайда арада 1,5 айдан көп уақыт өтсе де Азаттыққа берген сұхбатында Қанат Сүлейменов “Атыраубалық” бойынша әлі ешқандай нақты шешім қабылданбағанын жасырмады:
“Жоқ, әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Ол мәселені шешу қаржы министрлігіне тапсырылған. Кәсіпорынды сатып алу Ауылшаруашылық министрлігінің құзырына қарамайды”.