Ақтөбеде әйелдер жасаған алаяқтық қылмыстар көбейіп барады. Соңғы кезде құқық қорғау органдарына шағымданғандардың басым бөлігі осындай әрекеттерден зардап шеккендер.
Қазір қалалық сотта қаралып жатқан қылмыстық істердің 95 %-ы негізінен адамдарды алдап-арбауға тікелей қатысты болып тұр.
Олар жұртқа мемлекеттік бағдарлама бойынша кезексіз пәтер, жер телімдерін, банктерден несие алып беремін деп қомақты қаржыларын алып қояды да, уақыт өте келе іздерін жасырады. Немесе, жоғарыдағы таныстарым сәл күте тұрыңдар деді, - деп уақытты соза түседі.
Айта кету керек, жаппай алдап-арбау әрекеттері 2005-2007 жылдардың еншісінде. Қазір сот органдарына кезекпен арызданған жәбірленушілердің дені де сол кездерде алданған жандар. Осыдан бірер жыл бұрын тұрғын үй бағалары тым өсіп, кез келгеннің қолы жете бермеген сәтте, жұрт таныстықпен шаруасын шешіп беремін деген делдалдарды іздеді. Алаяқтар сондай кезде өз қызметтерін ұсынды. Біреуден біреу естіп, кезексіз үй алып беру қызметі үшін, әр адам пирамидалық тізбекпен ең кемі 7 - 8 мың доллардан ұстатты.
Ақтөбе қалалық № 2 сотында алаяқтық іс бойынша бұрынғы мектеп мұғалімі Қарлығаш Абашеваның үстінен Қылмыстық Кодекстің 303 – бабы, 1- тармағы бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр. Оның қорғаушысы Гүлсім Кәкішева «Қарлығаштың қолымен ақша жинағандарды да жауапкершілікке тарту керек»,-деп істі қайта тергеуге жіберуді ұсынды.
Абашеваның әрекетінен зардап шеккендердің бірі ретінде жауап беріп жатқан А. Таңқаева: «сот процесі барысында, жұрттан жиналған ірі көлемдегі соманың кімнің қолында шоғырланғаны анықталмай тұр. Жәбірленушілердің бәрі де кімге ақша бергенімізді, қашан бергенімізді айтып жатырмыз. Ең бастысы – ақша қайда? Бірақ сот соншама адамның сөзін назарға алып жатқан да жоқ. Арамызда иесіз қалған пәтерлерді қолма-қол ақшаға алып берем деп сендіргесін, 30 мың доллардан бергендер де бар»,-дейді.
Жұрттың ақшасын жымқырғандар арасында абақтыға бірнеше рет отырып келгендер де бар. Олардың қылмысы дәлелденіп, жазаға тартылғанымен де, жәбірленушінің ақшасы қайтарылмайды екен.
- Алаяқтық әрекеттер бойынша 30 қылмыстық іс қаралды. 19 іс бойынша, 23 алаяқ әйелге үкім шығарылды. Сол 23 әйелдің 18-і бірнеше жылға бас бостандығынан айрылды, - дейді қалалық прокуратураның бөлім бастығы Айбек Қоянбаев. Алаяқтардың бір тобы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасымен кезексіз пәтер алып берем деп, бірнеше адамның 40 мың доллардан астам қаражатын жоқ қылған дейді, прокуратура қызметкерлері.
Ал, жәбірленуші Тәрбие Алмышева: «40 мың доллар істің бергі жағы ғана. Алаяқтардың қолында бірнеше миллиондаған доллар бар. Соншама қаражат кімнің қолында екенін анықтауға сот та, прокуратура да құлықсыз. Әрі бұлардың көзге көрінбейтін қолдаушылары мықты. Қолға түсіп, сотталатын да бергі жағындағы ақша жинаушы делдалдар. Солардың біреуін айыпты деп тауып соттайды да, басқаларын тыныш қалдырады» - дейді.
Ақтөбе қаласы тұрғыны Айнамгүл Жарқынбекова: «Мемлекеттік бағдарламамен берілетін тұрғын үй, жер телімдеріне жұрттың қолдары жеткен болса, таныс іздеп сабылып, алданып алаяқтардың қолына түспес еді. Бүгінде заңды жолмен шаруаңды шеше алмайсың. Әкімшілік шенеуніктері жолатпайды. Жер бөлу, үй беру әкімшілік шенеуніктерінің «бизнесі» екенін кез келген адам біледі. Жұрт заңды жолмен шаруасын шеше алмаған соң, таныс іздеп, банктен несие алып, ақырында алаяқтарға жем болды», - дейді.
Жыл басынан бері Ақтөбеде 200-ден астам алаяқтық іс тіркелген. Бүгінде қалалық соттың әрбір судьясының алдында бір бірден осындай істер қарауын күтіп жатыр.