ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожақметов қазанның 13-і күні Азаттық радиосына берген сұхбатында бірқатар оппозиция қайраткерлеріне қатысты жүргізіп жатқан тергеу ісінде Төлен Тоқтасыновты елден қашқан Е.Байсақовқа саяси баспана беру туралы Украина билігіне жазылған үндеулерге қол қоюға себепші болған күдіктілер ретінде атады.
- Ішкі істер министрлігінің жедел тергеу тобы Украинаның ұлттар және миграция істері бойынша мемлекеттік комитетіне жіберілген Үндеулердің бірін 2005 жылы Төлен Тоқтасыновтың дайындағанын анықтады. Осы дерек бойынша сұрауға алынған Б.Әбілов, Ә.Қосанов, А.Қожахметов және В.Козловтың айтулары бойынша, бір Үндеуге олар Тоқтасыновтың өтініші бойынша қол қойған. Тергелген азаматтардың мәліметтері бойынша және тергеу анықтағандай, Тоқтасынов кейіннен бірнеше рет Украинаға ұшып барыпты, - деді Б. Қожахметов.
Алайда тергеуге тартылған оппозиция қайраткерлері министрліктің дәл осы мәліметін жоққа шығарып отыр. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосановтың айтуынша, ҚР ІІМ таратқан бұл ақпарат мүлдем шындыққа жанаспайды.
- Қып-қызыл өтірік. Ресми ақпарат көзін қараған соң мен бұл мәліметті жазбаша түрде жоққа шығарамын. Өйткені мен шынымен де бұл хаттарды кім дайындағандығын білмеймін, - деді Әміржан Қосанов.
Осы іс бойынша тергеуге тартылғандардың бірі "Шаңырақ" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Асылбек Қожахмет болса бұл мәліметті тергеу орындары қайдан алғандығына таңданады:
- Осы аптада бізден ешқандай сұрау болған жоқ. Ешкім сұралмаса, бізге ешқандай құжат келмесе, сонда жаңа мәліметті олар қайдан шығарып отыр?! Бұл туралы өткен аптада неге айтылмады?
Саясаткер Төлен Тоқтасыновтың өзі қазір Қазақстанда жоқ. ҚР ІІМ мәліметі бойынша, ол 2-3 айдан бері Моңғолияда емделіп жатыр.