Қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған департамент қызметкерлерінің кешенді тексеруі нәтижесінде, Алматы қаласының орталығында заңсыз жұмыс істеп жатқан тағы бір казино бары анықталды.
«Қаланың орталығында орналасқан мейрамхана көптен бері полиция қызметкерлерінің назарында болған. Бейресми деректерге қарағанда, дәл осы жерде казино орналасқаны белгілі болды. Мейрамхананың бөгде адамдар кіруге тиым салынған түкпірінде орналасқан бұл казино жақсы жабдықталыпты. Казинодан 2 млн 376 мың. теңге, 19 мың 800 доллар, 10, 25 долларлық номиналды ойын фишкалары табылып, тәркіленді. Ойын залында отырған 15 адам ұсталып, тергеуге алынды», — деді Алматы қалалық ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы Валерий Козлов.