Президент Назарбаев оқу орындарының ісіне араласты

Қазақстанда жемқор мекемелердің бірі – жоғарғы оқу орындары болып табылады. Соның бір айғағы – президент Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстанның мемлекеттік медицина академиясының мәртебесін төмендетіп, оның ректорын ауыстыруға кеңес берді.
Денсаулық сақтау саласын өркендету мәселесі бойынша Шымкент қаласында болып өткен республикалық мәжілістің барысында президент академияның ректоры Орынбай Дайырбековке бұрылып: “мен әдейі сұрастырып білдім: сіздердің түлектеріңізді сауатсыздығынан бүкіл республиканың медицина мекемелерінде жұмысқа алғысы келмейді”, -деп айыптады.
Н.Назарбаевтың айтуынша, “медицина академиясы жемқорлыққа белшесінен батқан, дипломды сатып алуға болады”.
Қазір академияда 3.475 студент білім алады, 2 мыңнан астам талапкер ақша төлеп оқыса, 1 мыңнан астам студент бюджет қаржысына оқиды.