Политковскаяның өліміне қатысты іс ашық сотта қаралуда

Журналист Анна Политковскаяның өлімі бойынша сот мәжілісі ашық түрде өтіп жатыр.
Бүгін аталған істі қарауды шұғыл қайта жалғастырған Мәскеу аймақтық әскери соты осындай шешімге келді. Соттың 19 қарашадағы бірінші отырысында судья алқа мүшелерінің көзқарасын сылтау етіп, отырыстың жабық өтетінін жариялаған болатын. Соттың ашық өтуін адвокаттар талап етті.
Бүгінгі мәжілістің алдында айыпталушылардың бірін қорғайтын адвокат Мурад Мусаев істің материалдарында кісі өлтіруге тапсырыс берген адам туралы сөз болады, бірақ оның есімі аталмайды деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, ол ел ішіндегі “саяси қайраткер болса керек”.
Журналист Анна Политковскаяны 2006 жылдың 7 қазанында Мәскеудегі өз үйінің кіре-берісінде атып кетті.