Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облысында жол апатынан үш адам қаза тапты

Оңтүстік Қазақстан және Алматы облысында болған үш жол апатынан үш адам қаза тапты, — деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы облысы Есік қаласының Абай көшесінде 18 жастағы жүргізуші «Ауди» көлігін аударып алу салдарынан мерт болды. Тағы екі жігіт ауруханаға жатқызылды.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында екі бірдей жол апаты орын алып, Сайрам ауданы Бадам-2 ауылында «ВАЗ-21099» және «Опель» көліктері соқтығысып, жеті адам ауруханаға жатқызылды. Сонымен бірге Сарыағаш ауданында Алматы - Ташкент - Термез жолының 800- шақырымында «Ауди-80» мен «Ауди-100» көліктері соқтығысқан, нәтижесінде 52 жастағы әйел мен 4 жасар бала оқиға орнында қаза тауып, бір жолаушы әйел мен «Ауди-80-нің» жүргізушісі ауруханаға түсті.