Бүгін «Тасжарғанда» үш сот отырысы болады

Бірінші сот отырысы Алматы қалалық ішкі істер департаментінің шағымы бойынша бүгін сағат 9-да басталды. Полицейлер «Тасжарғаннан» 50 миллион теңге талап етіп отыр. Ал түстен кейінгі сағат 16-да «Тигрохауд» компаниясының– 42 миллион теңге талап еткен шағымы және сағат 17 -де депутат Ромин Мадиновтың 300 миллион теңге өндіру талабы бойынша сот отырыстары өтеді.
Аяқталған сот отырысының қорытындысы туралы сұраған Азаттық тілшісіне газеттің бас редакторы Бақыткүл Мәкімбай былай деді: — Бүгін екі тарап та жарыссөзге шықтық. Біз өз кезегімізде ішкі істер департаменті қызметкерлерінің ар-намысына газеттің ешқандай нұқсан келтірмегенін айттық. Прокурор аталған 50 миллионның өндірілуін қолдайтынын айтты. Бір қызығы, прокурор өз сөзінде ішкі істер басқармасында қаншама қызметкер бар, бүтін бір топтың намысы тапталды деген шағымның дәйексіз болатынын, ар-намысыма нұқсан келді деген шағымның жеке адамға ғана тән екенін айта отырып, соған қарамастан өз сөзіне өзі қарсы шығып, сот төрешісінен олардың талабын қанағаттандыруды сұрады. Бүгін ештеңе шешілген жоқ, екі тарап та өз сөзімізді айттық, соттың шешімі жұма күні сағат 12-де шығарылады.
Түстен кейін де екі сотымыз бар, жұма күні маған салынған айыппұл бойынша қалалық апелляциялық соттың да қорытындысы шығарылмақ, бәрі жабылып бізді тұқыртпақшы.