Р.Есіргеповтің әйелі күйеуінің денсаулығына алаңдаушылық білдіріп отыр

«Рамазанның бостандықта жүргенде де жүрегі ауырып жүрген, ал аштық жариялаған күйдегі оның денсаулық жағдайының нашарлағаны сөзсіз», — деді Раушан Есіргепова Азаттық радиосына.
Алматы ауруханасынан Таразға ҰҚК қызметкерлерінің күштеуімен апарылған «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов тергеу изоляторында аштық жариялаған еді. Адвокат Анна Пахотаның хабарлауынша, ол камерада жалғыз отырған көрінеді. Қызметтік құпия болып саналатын ақпаратты өз газеті арқылы таратты деген айып бойынша күдікті ретінде ұсталып отырған Рамазан Есіргеповке қатысты сот жұма күні болуы тиіс.