Қызмет көрсету орталығының директоры жалған құжатпен ұсталды

Бұл туралы хабарлаған «Хабар» агенттігінің телесюжеті бойынша, Астаналық жол полицейлері жалған құжатты пайдаланып келген лауазым иесінің әрекетін әшкерелеген. Жол сақшылары «Хаммер» автокөлігінің жүргізушісін мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүргені үшін тоқтатады. Жүргізуші өзінің аты-жөні толық жазылған «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ішкі қауіпсіздік департаментінің аға жедел уәкілі, полиция майоры» делінген құжатты көрсетеді. Тексеру барысында көлік иесінің бұл мекемеге мүлдем қатысы жоқтығы анықталған. 29 жастағы азамат Астанадағы бір халыққа қызмет көрсету орталығының директоры қызметін атқаратын болып шыққан.

«Ал құжатты қалай, не үшін алғанын, қалай алғанын ол бізге айтпады. Ол енді іс жүргізген кезде білінеді. Ол екі баппен жауапқа тартылады», — деді астаналық жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Бақытжан Малыбаев.