Оппозиция Назарбаевтан Рахат Әлиевке қатысты іс қозғауды сұрайды

Бүгін бір топ оппозиция жетекшілері мен қоғам қайраткерлері ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне қатысты қылмыстық істі толығымен қарастыруға құқық қорғау орындарына тапсырма беруін сұрады. Сондай-ақ олар Заманбек Нұрқаділовтің де жұмбақ өлімі қайта қарауды талап ететінін айтты.

Оппозиция жетекшілері аталған қылмыстық істерге Рахат Әлиевтің қатысы болуы мұмкін деген ақпараттардың БАҚ-да жарияланғанын және сол кезде Әлиевтен тым болмаса куәгер ретінде жауап алынбағанын, Жоғарғы соттың мұндай нұсқадағы істі қараудан бас тартқанын айтады.

Сондай-ақ бүгін Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына үш жыл толуына орай оппозиция жетекшілері мен қоғам қайраткерлері және марқұмның туыс-туғандары қоғам қайраткерінің Кеңсайдағы бейітіне және оның көмекшілерімен бірге өлтірілген орнына барып, рухына құран бағыштады.