Алматылық заңды тұлғалар премьер-министрге Ашық хат жолдады

Қазақстанның Журналистер Одағы мен Алматы қалалық кәсіпкерлер қауымдастығы су бағасының көтерілуіне наразылық білдіріп, ҚР премьер-министріне Ашық хат жолдады. Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың айтуынша, заңды тұлғалар үшін су ақысы 10 есеге өсіп кеткен. Ал бұрынғы келісім шарт жасасқан «Водоканал» мекемесінің орнына еншілес үш ұйым құрылған.

Аталмыш мәселеге қатысты «Азаттыққа» түсініктеме берген «Алматы су Холдингі» МКК-нің атқарушы директоры Қуанышкелді Базилов: «Бұл кісілердің сөзі дұрыс емес. Олар су «10 есе көтерілді» дейді. Су 10 есе емес, 5 есе көтерілді қазір. Бұл бір. Сонан соң техникалық жағдайға біз ешкімнен ақша сұрап жатқан жоқпыз, оның құны 8500 теңге тұрады. Бұл тек екі жағдайда ғана сұралады: бірі – заңды мекені өзгеріп кеткенде, екіншісі – сол заңды мекенінде кәсіпкерлігін өзгертіп жіберген кезде. Үшіншіден, тарифке біздің еншілес кәсіпорындардың жұмысшылары кірген. Бізде 3 мыңнан астам жұмысшы бар. Қаланың су шаруашылығын басқару жүйесін жетілдіру керек. Су холдингін құрудағы мақсат та сол», — деді.