Даулы аудандар тұрғындарының мәселесін қарайтын комиссия құрылады

Бүгін Алматы қаласы Алатау ауданының қырық шақты тұрғыны өз жерлерін заңдастырып беруін сұрап қала әкімі Ахметжан Есімовтың қабылдауына сұранды, — деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Өздерімен бірге 800 адамның өтінішін жинап келген топтың үш өкілін қалалық ішкі істер департаментінің бастығы Орынбасар Тазабеков қабылдады. Бастамашыл топтың өкілі Ризада Жақыпбектің айтуынша, кездесу барысында тараптар тұрғындардың жерін заңмен рәсімдеу мәселесін шешу үшін әлеуметтік-құқықтық комиссия құру туралы уағдаласты. Оның құрамына жергілікті тұрғындардың, қоғамдық ұйымдардың және қалалық әкімшіліктің өкілдері кіреді. Комиссияның алғашқы отырысы наурыздың 26-ына белгіленді.