ЕуроОдаққа жаңа мүшелерді қабылдау тоқтап тұр

Еуропа Одағы елдері Хорватия, Македония және Түркияны ЕуроОдаққа қабылдануға үміткер елдер деп қарастырады.
ЕуроОдақ елдерінің сыртқы істер министрлері сенбі күні Чехияның оңтүстігінде болып өткен бейресми басқосуында осылай деп мәлімдеді. Олар аталған 3 елдің және келешекте ЕуроОдаққа мүше болуды көздейтін Албания, Босния, Сербия және Черногорияның өкілдерімен Еуропа Одағын кеңейту проблемасын талқылады.
Одақ құрамына жаңа мүшелерді қабылдаудың заңдық негізі болуға тиісті “Лиссабон келісімін” ЕуроОдақтың барлық мүшесі қабылдамаған соң және әсіресе Словения мен Хорватияның арасындағы жер дауы салдарынан ЕуроОдақты кеңейту мәселесі бойынша келіссөздер соңғы кезде баяулап кетті. “Лиссабон келісімін” қабылдамаған 2 елдің бірі – осы күні ЕуроОдаққа төрағалық ететін Чехия Республикасы.