Пәкістан президенті ислам заңы келісіміне қол қойды

Пәкістан президенті Асиф Али Зардари талибандармен бейбіт келісімнің бір бөлігі ретінде елдің солтүстігіндегі Суат жазығына ислам заңын енгізетін келісімге қол қойды.
Зардари бұл қаулыға дүйсенбі күні кешкісін қол қойып отыр. Оның алдында Ұлттық Ассамблея бірауыздан бұл қарарды қабылдап, ақпан айында жергілікті ресмилер келіскен бұл даулы келісімді қолдауға ел президентін шақырған еді.
Бұл келісім аймақтағы талибан жауынгерлері мен қауіпсіздік күштері арасындағы атысты тоқтатып, оның орнына шариғат заңдарын енгізеді.
Мұны кейбір пәкістандықтар, адам құқын қорғаушы белсенділер, Құрама Штаттар және басқа да Батыс елдері сынаған болатын. Сын айтушылар бұл заң Пәкістанның солтүстік батысында әл Қаида одақтастары мен талибан экстремистеріне қауіпсіз мекен болады деп қауіптенеді.